QYZPU 80-ЖЫЛДЫҒЫНА ТАРТУ: ИНФОРМАТИКА КАФЕДРАСЫ ПРОФЕССОРЫНЫҢ ОҚУЛЫҚТАРЫ МЕН ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ



    • QYZPU 80-ЖЫЛДЫҒЫНА ТАРТУ: ИНФОРМАТИКА КАФЕДРАСЫ ПРОФЕССОРЫНЫҢ ОҚУЛЫҚТАРЫ МЕН ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

      2024 жылдың 01 шілде күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Салгараева Гульназ Ибрагимовнаның «Рython-да программалау», «Қашықтан оқытудың әдістемесі және технологиясы» оқулықтарының және гранттық қаржыландыру бойынша ЖТН AP19679272 «Есту қабілеті зақымдалған балаларға инклюзивті білім беру үшін үйретуші мобильді қосымшалар әзірлеу» жобасын іске асыру аясында әзірленген «Есту қабілеті зақымданған балаларға инклюзивті білім беруде цифрлық технологияны пайдалану» атты оқу-әдістемелік құралының тұсаукесері өтеді.

      «Рython-да программалау» оқулығы «061-Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағытындағы мамандарды дайындау үшін әзірленген. Бұл оқулық Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті жанындағы РОӘК «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыты бойынша Оқу-әдістемелік бірлестігіне ұсынылып, «Арман-ПВ» баспасында басып шығарылған. «Рython-да программалау» оқулығында программалау тіліне кіріспеден бастап, үйренушінің негізгі білім қорын қалыптастыруға қажетті барлық негізгі тақырыптар қарастырылған. Оқулықта Python программалау тілінің мүмкіндіктері, берілгендер типі, шартты оператор мен түрлері, циклдар, функциялар, файлдар және графикамен жұмыс сияқты маңызды тақырыптар келтірілген. Әрбір тақырып теориялық материалдар бөлек, практикалық есептерді шығару мысалдарымен, ондағы әрбір жолдың түсіндіріліп беруімен ерекшеленеді.

      «Қашықтан оқытудың әдістемесі және технологиясы» оқулығы 6В01–Педагогикалық ғылымдар білім беру бағдарламаларының барлық студенттеріне мен оқытушыларына арналған. Бұл оқулық Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы РОӘК «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігінен ұсынылып, «Дарын» баспасында басып шығарылған.  «Қашықтан оқытудың әдістемесі және технологиясы» оқулығы екі тараудан тұрады: «Қашықтан оқыту технологиясы  мен әдістемесі», «Қашықтан оқыту технологиясын практикада қолдану». Бірінші тарауда қашықтан оқытудың білім беру жүйесіндегі орны, теориялық негіздері, даму тарихы, ұйымдастыру формалары, дәстүрлі және қашықтан оқыту формаларының интеграциясы, қашықтан оқыту контентін құру, қашықтан оқытуда интернет технологиялары мен жасанды интеллектіні пайдаланудың әдістемелік негіздері қарастырылған. Екінші тарауда берілген теориялық білімге сай қашықтан оқытуда түрлі әдістер мен технологияларды пайдалануға қажетті практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған практикалық сабақтар берілген. Әр тарауды пән бойынша оқу-әдістемелік кешен ретінде қолдануға, қашықтан оқыту процесін ұйымдастыруда көмекші құрал ретінде де пайдалануға болады.

      «Есту қабілеті зақымданған балаларға инклюзивті білім беруде цифрлық технологияны пайдалану» оқу-әдістемелік құралы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Оқу-әдістемелік кеңес отырысында қарастырылып, баспаға ұсынылып, «Дарын» баспасында басып шығарылған. «Есту қабілеті зақымданған балаларға инклюзивті білім беруде цифрлық технологияны пайдалану» оқу-әдістемелік құралында есту қабілеті нашар білім алушыларды оқытуда қолданылатын цифрлық білім беру ресуртарына қойылатын талаптарды анықтау үшін педагогикалық және психологиялық әдебиеттерге теориялық талдау жасалып, соның негізінде есту қабілеті нашар білім алушылардың психо-физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып цифрлық білім беру ресурстарын әзірлеуге қойылатын талаптар анықталған. Сонымен қатар, есту қабілеті зақымданған оқушыларды оқытуда қолданылатын цифрлық білім беру ресурстарын, атап айтқан интерактивті сызбалар, инфографика, интерактивті бейне және толыққанды интерактивті сабақ құру жолдарының қадам бойынша нұсқаулығы ұсынылған. Оқу-әдістемелік құрал арнайы білім беру мектептерінің мұғалімдеріне, инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын мектептің пән мұғалімдеріне, педагогикалық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болашақ мұғалімдерге арналған.

      Оқулық авторы: Салгараева Гульназ Ибрагимовна. Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, информатика кафедрасының профессоры.

      Өтетін орны: Алматы қ., Гоголь көшесі, 114. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Бірінші оқу корпусы, 215 Конференция залы.

      Өту уақыты: 10:00-12:00

      Бөлісу: