QyzPU ғалымы өнертабыс патентіне ие болды



    • QyzPU ғалымы өнертабыс патентіне ие болды

      АЛМАТЫ. 1 наурыз. Баспасөз орталығы – QyzPU University ғалымы өнертабыс патентіне ие болды. Құрамында доктор, Биология кафедрасының профессоры Анар Қалиева бар ғалымдар тобы ұзын жусаннан эфир майын алудың жаңа тәсілін ойлап тапты.

      Сондай-ақ зерттеу жұмысына QyzPU «Биология» мамандығының докторанты Жанар Рахимбердиева, Ботаника және фитоинтродукция институтының ғалымдары Жанна Қаржаубекова мен Надежда Гемеджиева да тартылған.

      – Қазақстанда жусанның 81 түрі кездеседі. Соның бірі – ұзын жусан. Оны ғылыми тілде Artemisia porrecta Krasch ex Poljakov деп атайды. Бұл өсімдіктің жер үсті бөлігінің құрамында эфир майы, органикалық қышқылдар, стероид, алкалоид, катехин, кумарин және көміртек сынды заттар бар. Эфир майын алу әдісі өсімдіктің жер үсті бөлігінің гүлдену фазасы кезеңінде жүзеге асырылды. Алынған өнімнің тыныс жолдарының қабыну ауруларында микробқа қарсы белсенділігі бар екендігі анықталды, – дейді Анар Қалиева.

      Зерттеу барысында алынған ингредиенттердің температура түсіруге де қабілеттілігі айқындалған.

      Ғалымдар алдағы уақытта өнертабысты өндіріске енгізуді көздеп отыр.

      Доктор Анар Қалиева 32 жылдан астам уақыттан бері жоғары оқу орнында биолог мамандарын даярлап келеді. Ғалым-педагогтің жүргізген ғылыми жұмыстары болашақ мамандардың зерттеушілік және іскерлік құзіреттілігін қалыптастыруда үлкен маңызға ие.

      Бүгінде профессор Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қаржыландырған ғылыми жобаның жетекшісі ретінде зерттеу жұмысын жалғастыруда.

      Оның авторлығымен халықаралық Web of Science және Scopus базасына енетін журналдарда 6 мақала және Қазақстан Республикасы бақылау комитеті ұсынған басылымдардың экология, биология, педагогикалық серияларында 15 мақала жарық көрген. Сонымен қатар Доктор Қалиеваның 2 оқу құралы, 3 оқу-әдістемелік нұсқаулығы мен 3 электрондық оқулығы шыққан.

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz         

      Бөлісу: