Университет ректоры аға буынға құрмет көрсетті



    • Университет ректоры аға буынға құрмет көрсетті

      АЛМАТЫ. 21 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Университетті қалыптастыруда өзіндік дара орны бар азаматтарды ардақтау – оқу орнын дамытуда үлкен рөл атқарады. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай педагогика ғылымдарының докторы, профессор Күләш Құнантаеваның шаңырағына арнайы барып, ғалымды ұлы мерекемен құттықтады.

      Кездесуде академик Гүлмира Әмірханқызына сәттілік тілеп, батасын берді.

      Өз кезегінде Университет ректоры отандық педагог кадрларын даярлайтын бірден-бір орталықтың басшылығына келе отырып, оның тағдыры мен келешектегі дамуына зор жауапкершілікті сезінетінін атап өтті. Басым бағыттар ретінде ол білім беру сапасын арттыру, оқытушылар мен қызметкерлерді әлеуметтік қолдау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, инфрақұрылымды дамыту сияқты мәселелерді алға тартты.

      – Сіздің Университетті дамытудағы сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз. Ұзақ жылдар бойы оқу орны қабырғасындағы қажырлы қызметіңізді бағалаймыз. Бұл – біз үшін бағдаршам іспеттес, – деді Гүлмира Қанай.

      Айта кетейік, Күләш Құнантайқызы 1968-1984 жылдары аралығында сол кездегі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған.

      16 жыл білім ордасына басшылық жасаған Күләш Құнантаева осы жылдары аралығында оқу орнын жаңа деңгейге көтерді. Сол кезеңде заман талабына сай оқу ғимараттары мен үш жатақхана салынып, пайдалануға берілді.

      Сонымен қатар 1200 адамды бір мезгілде тамақтандыратын асхана, кітапхана мен спорт кешендері іске қосылды. Күләш Құнантаеваның тікелей ықпалымен 80 пәтерлік тұрғын үй салынып, ол баспанасыз жүрген институт қызметкерлері мен мұғалімдеріне берілді.

      Осы уақыт кезеңінде Қыздар институтының оқу және ғылыми жұмыстарының материалдық базасы уақыт ағымына сай жаңартылып, жаңадан 12 зертхана ашылды. Олар соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталып, студенттердің ғылыми жұмыспен айналысуына мол мүмкіндік туды. Осыған орай оқу орнына білікті мамандар да шақырылды.

      К. Құнантаева институтқа басшылық еткен жылдары студенттер контингенті 3600-дан 6200-ге жетті.

      Күләш Құнантаеваның тікелей ықпалымен «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі құрылды.

      Күләш Құнантайқызы Құнантаева – Қазақстан әйелдерінің ішінен шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы. Ол – отандық педагогика ғылымының дамуына іргелі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, еліміздің жоғары білім беру саласының дамуында өз қолтаңбасын қалыптастырған қайраткер.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: