Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сурет көрмесі ашылды



    • Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сурет көрмесі ашылды

      АЛМАТЫ. 14 желтоқсан. Баспасөз орталығы «Азаттық.  Атажұрт. Алматы». Бүгін осындай  тақырыппен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде белгілі қылқалам шебері, Қазақстан суретшілер Одағының  мүшесі, ҚР Көркем  Академиясының академигі Марат Тұрғымбайдың жеке сурет көрмесі ашылды.

      Шығармашылығына туған ел мен жер, әйел тақырыбын арқау еткен суретші Марат Тұрғымбайдың көрмесі Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған.

      «Art Dara» өнер галереясында ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсаты – қылқалам шебері мен болашақ педагог-суретшілердің Отанға деген сүйіспеншілігін насихаттау, сурет өнері арқылы еліміздің егемендік жылдары қол жеткізген табыстарын дәріптеу. Көпшіліктің назарын қазіргі өнер туындыларына аударту, қылқалам шеберелерінің қоғамдағы беделін арттыру да шараның басты міндеттерінің бірі.

      Қылқалам шеберінің көрмеге қойылған қала, ауыл көріністері, қазақтың атақты  тұлғаларының портреттері, әйел тақырыбына арналған «Сағыныш»,  «Бақыт», «Армандау» атты картиналары, «Көктем», «Түс», «Күз» атты    сахара  кемесі  түйе  жануарын сан қырынан бейнелеген сериялы шығармаларының  бойынан қазақ  даласы  мен  тарихының  бейнесі  айқын көрінеді.

      Сонымен  қатар көрмеге болашақ педагог-суретшілердің кескіндеме, натюрморт, аппликация, батик, ошибана сынды түрлі жанр мен техникалар қолданған туындылары да  қойылған.

      Көрменің ашылу рәсіміне Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев, Кеңес мүшелері, Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай, Қазақстан Респуббликасы Көркем  Академиясының  президенті, Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты  Амандос  Ақанаев бастаған бір топ қылқалам шебері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

      Көрме қонақтары суреткерге өздерінің ыстық ықыластарын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

      Академик  Амандос Ақанаев көрмеге қойылған жас суретшілердің жұмыстарын тамашалай келе, қазақтың жоғалып бара жатқан киіз басу,  құрақ құрау, кестемен суреттеу секілді  өнерінің  жоғалмай,  қайта  жаңғырып келе жатқанына ризашылығын сездіріп, жоғары баға берді.

      Айта кетейік, көрме желтоқсанның 30 жұлдызына  дейін жалғасады.

      МЕДИА

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: