Креативті кітапханашы қандай болуы керек?
-
09 желтоқсан, 2021
АЛМАТЫ. 9 желтоқсан. Баспасөз орталығы – «Кітапхана ісі» мамандығының беделін арттыру, болашақ кітапханашылардың кәсіби әлеуетін көтеру мақсатында Университетте «Креативті кітапханашы қандай болуы керек?» тақырыбында байқау өтті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылған сайысқа әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, С. Торайғыров атындағы Павлодар университеті және Қаскелең мәдениет колледжінің «Кітапхана ісі» бойынша білім алатын студенттері қатысты.
Байқауға қатысушылар 4 кезең бойынша бақ сынасып, өз кәсіптеріне сәйкес түрлі тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар кітапхана саласы бойынша арнайы ғылыми жобаларын көпшілікке таныстырды.
– Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды сақтап, насихаттап, ұлт игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет мамандық иелері екені анық. Бұл байқауды ұйымдастырудағы да ең басты көздеген мақсатымыз осы мамандықтың мәртебесін арттыру болатын, – дейді Ғылыми кітапхана директоры Бақытжамал Бағашарова.
Қазылар алқасының шешімі бойынша байқау жеңімпаздары анықталып, жүлдегерлер сыйақымен және «Алғыс хаттармен» марапатталды.
P.S.: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Кітапханатану және библиография кафедрасы 1956 жылғы қыркүйекте Тіл және әдебиет факультетінің жанынан ашылады. Осы жылдан бері «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша 5 мыңнан астам түлек бітірді.
Маркетинг және коммуникациялар департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: