Студенттер арасында спорттық эстафета өтті



    • Студенттер арасында спорттық эстафета өтті

      АЛМАТЫ. 17 қараша. Баспасөз орталығы – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Университетімізде түрлі бағыттағы іс-шаралар жалғасын табуда. Атаулы датаға орай білім алушылар арасында «Көңілді старттар» эстафетасы өтті.

      Студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортпен шұғылдануға баулу мақсатында ұйымдастырылған жарысқа Университеттің 1-курс студенттерінен құралған 4 команда қатысты.

      Эстафета барысында «Қыз Жібек», «Қарлығаш», «Сымбат» және «Сұлулар» командалары 10 кезең бойынша өзара мықтыны анықтады.

      Сайысқа түскен 4 команда үстел теннисі, тоғызқұмалақ, кіші футбол, волейбол  және баскетбол сияқты спорт түрлерінен бақтары мен баптарын сынады.

      Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынға «Қарлығаш» командасы лайық деп танылды. Екінші орынды «Қыз Жібек» тобы иеленсе, үшінші және төртінші орын «Сұлулар» және «Сымбат» командаларына бұйырды.

      Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Алғыс хатпен» және естелік сыйлықтармен марапатталды.

      Айта кетейік, «Көңілді старттар» эстафетасы Дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушыларының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

      – Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру – кемел келешекке бастайтын алтын сүрлеу десе де болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға жете көңіл бөлу қажеттігіне басымдық беріп келеді. Бүгінде бұл бағытта жүйелі жұмыстары жүргізіліп, арнайы мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Жалпы білім беретін орта мектепте жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан жеке тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіліп отыр. Бұл тұрғыда осы тақілеттес іс-шаралардың маңызы зор деп ойлаймыз, – дейді спартакиада ұйымдастырушылары.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: