Гүлмира Қанай: «Bolashaq» – тұлға ретінде қалыптасуыма мүмкіндік берді»
-
03 қараша, 2021
АЛМАТЫ. 3 қараша. Баспасөз орталығы – Тәуелсіздіктің тартуы болған «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша осы уақытқа дейін 11 399 қазақстандық білім алған. Қазақ жастарына қанат бітірген бұл бағдарлама еліміздің Тұңғыш Президентінің тікелей қолдауымен құрылған болатын.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай 2010 жылы Ұлыбританиядағы Warwick университетінде магистратураға түскен. Жоғары көрсеткіштерінің арқасында докторантураны Кембридж университетінде қорғаған.
«Аталған бағдарлама маған күнделікті өмірде көп нәрсеге басқаша қарауға, басқаша шешім қабылдауға, әрекет етуге, адамдармен қарым-қатынасты өзгертуге сонымен қатар, тұлға ретінде өзіме деген сенімділіктің артуына және алған білімімді жергілікті тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді деп ойлаймын», – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогика университетінің ректоры Гүлмира Қанай.
Ел экономикасы енді ғана қалыптасып келе жатқанда, жарқын болашақ үшін жасалған қадам – 1993 жылдың 5 қарашасында шыққан тұңғыш Президенттің қаулысы еді. Бұл – азаматтардың білімі терең, зияткерлік деңгейі жоғары болса, ел дамуының негізгі көзі болатынына артылған сенім. Сенімге селкеу түскен жоқ. 28 жылда бұл бағдарламамен 11 мың 399 қазақстандық әлемнің 36 еліндегі үздік 300 оқу орнында білім алған.
МЕДИА
Маркетинг және коммуникациялар департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: