Кәсіподақ жұмысының тиімділігін арттыру талқыланды
-
01 қараша, 2021
АЛМАТЫ. 1 қараша. Баспасөз орталығы – Кәсіподақ ұйымының рөлі қандай? Оның тиімділігі неде? Осы және өзге де мәселелер Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы Айгүл Мұқашевамен кездесуінде жан-жақты талқыланды.
Кездесуде тараптар өзара ынтымақтастықты арттырудың тетіктерін де қарастырды.
Жиында Университет ректоры оқу орнын алға қарай дамыту жоспарларымен бөлісіп, оқу орны инфрақұрылымын, материалдық-техникалық базасын жаңарту міндеттері туралы айтып берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауы бойынша, осы оқу жылынан бастап университеттің профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 30%-ға өсті. Педагогтердің орташа жалақысын 2024 жылға қарай өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есеге арттыру жоспарланып отыр, – деп атап өтті Гүлмира Қанай.
Өз кезегінде салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева ұйым қызметіне қатысты ақпарат берді.
– Салалық кәсіподақ әлеуметтік әріптестікті дамытып, нығайту, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыру жұмыстарын ұтымды ұйымдастырып, кәсіподақтардың үздік дәстүрлерін жаңғыртуға айрықша көңіл бөлуде. 2020 жылы сала қызметкерлерінің 2 961 жазбаша өтініштері қаралса, 45 мыңнан астам кеңес берілді. Биыл 6 айда 14 325 адам кәсіподақ кеңесіне жүгінді. Бұл көрсеткіштер кәсіподаққа сала қызметкерлерінің сенімі артқанын, кәсіподақтың нақты көмегін сезінгенін көрсетеді, – деді Айгүл Мұқашева.
Сондай-ақ ол Университет басшысы мен ұжымға еліміздің жоғары білікті педагогиккалық кадрларын дайындау ісінде табыстар тіледі.
Кездесу барысында оқу орнының бір топ қызметкері Салалық кәсіподақтың арнайы төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ 5 кәсіподақ ардагерге емдеу-сауықтыруға арналған шипажай жолдамалары табысталды.
Маркетинг және коммуникациялар департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: