Университет ректоры жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңеске қатысты
-
22 қазан, 2021
АЛМАТЫ. 22 қазан. Баспасөз орталығы – Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов жоғары білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Жиынға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми және сараптамалық қоғамдастық қатысты.
Жоғары білім беру саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясындағы негізгі түйткілді мәселелер талқыланған басқосуға Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай да қатысып, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасымен танысты.
– Білім беру жүйесіндегі жемқорлық мемлекеттің болашағына тікелей қауіп төндіреді. Оны болдырмауға арналған құралдар бар, тек оларды пайдалану керек. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз – оны азайту және жоюға қажетті барлық шараларды қабылдау. Жоғары оқу орындарында адал еңбекті бағалайтын және өз Отанына қамқорлық көрсететін еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу және оқыту, – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы.
Сонымен қатар, кеңесте еліміздің университеттерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді енгізу және студенттер арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспарларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен оның аумақтық бөлімшелері университеттердің құрылымында аталған қызметтерді ашу, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы комплаенс институтының жұмысын ұйымдастыру бөлігінде барлық әдістемелік көмек көрсететін болады.
Кеңестің «ашық диалог» түріндегі форматын ескере отырып, ғылыми қоғамдастық пен ЖОО басшылығы білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мәселелері бойынша өз пікірлері мен идеяларын бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Білім және ғылым министрлігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Тараптар бірлескен жұмыстың жоспарлары мен жобаларын талқылады.
Маркетинг және коммуникациялар департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: mar.com@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: