Гүлмира Қанай: «100 жаңа оқулық» жобасы келешек ұстаздарға жаңашыл бағытта білім беруге жол ашты



    • Гүлмира Қанай: «100 жаңа оқулық» жобасы келешек ұстаздарға жаңашыл бағытта білім беруге жол ашты

       АЛМАТЫ. 22 қыркүйек. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай Елордада ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісіне қатысты.  

      Жиында «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы арқылы жарық көрген «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының таныстырылымы өтті.

      Мәжілісті ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев ашып, аталған жобаның мән-маңызы жайында айтты.

      – Өздеріңіз білетіндей, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы» іске асырылды. Дүниедегі ең озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер қазақ тіліне аударылды. Олар бұған дейін әлемнің ондаған тіліне аударылып, ілгері дамыған қоғамдарда миллиондаған тиражбен тараған. Біздің де оқытушылар мен студенттердің осындай мазмұнға қол жеткізуі үлкен олжа. Бұл, қажет десеңіздер, «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кең жалғасы. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біздің 20 мыңдай студентіміз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінен білім алды. Ал енді өз елімізде оқитын жарты миллион қазақстандық студент сол Кембридж, Оксфордтың, Гарвардтың үздік оқулықтарымен қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік алды, – деді Мемлекеттік хатшы.

      Басқосуда Университет ректоры баяндама жасап, «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемнің алдыңғы қатарлы оқулықтарын қазақ тіліне аударудың келешек ұстаздарды оқытудағы маңызы жөнінде әңгімеледі.

      – «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аясында әлемдегі таңдаулы оқулықтарды қазақ тіліне аудару, келешек ұстаздарға жаңашыл бағытта білім беруді мүмкін етті. Жоба басталғалы бері Университетімізге гуманитарлық білімнің 26 саласы бойынша 100 аталым, 10 396 оқулық түсті. 100 кітапты Университеттің барлық 49 оқу бағдарламаларына міндетті оқулық ретінде енгізіп, профессорлық-оқытушылық құрам өздерінің күнделікті дәрістерінде кеңінен қолдануда, – деді Гүлмира Қанай.

      Университет басшысы өз сөзінде «100 жаңа оқулық» жобасы қазақ жастарына әлемнің ең үздік оқулықтарын өз тілдерінде түсінуге, әлемге танымал болған, озық университет ғалымдарының еңбектерін қолжетімді еткендігін және қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға өз септігін тигізгенін атап өтті.

      Университет ректорының баяндамасының тезисімен мына жерден таныса аласыз.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: mar.com@qyzpu.edu.kz  

      Бөлісу: