KazChessLab зертханасына халықаралық сарапшылар арнайы келді
-
29 қыркүйек, 2025
2025 жылғы 27 қыркүйекте Алматыда өткен ІІІ Халықаралық «Білім берудегі шахмат» конференциясы аясында халықаралық сарапшылар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында орналасқан KazChessLab инновациялық зертханасына арнайы келді.
Қазақстан шахмат федерациясы мен QyzPU-дың бірлескен жобасы болып табылатын бұл бірегей алаң – шахматты білім беру процесіне енгізу жолындағы маңызды бастама.
Сапар барысында делегаттар конференцияда талқыланған білім беру тұжырымдамаларының практикалық қолданысын көруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, сарапшылар елімізде жаңа буын әйел-педагогтарды шахмат пәні бойынша даярлау моделінің жүзеге асу барысымен танысты. Бұл жоба – Федерация мен еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орны арасындағы нәтижелі әріптестіктің айқын көрінісі.
Армения мемлекеттік педагогикалық университетінің жанындағы Шахмат ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Ваган Саркисян өз елінде шахматты білім беру жүйесіне енгізу тәжірибесімен бөлісті. ФИДЕ-нің «Шахмат білім беру ісінде» комиссиясының төрағасы Джери Нэштің лекциясы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ол бастауыш сынып мұғалімдерінің оқушыларды логикалық ойлауға үйретудегі рөлін атап өтіп, шахмат арқылы бұл қабілетті қалай дамытуға болатынын шағын мастер-класс арқылы көрсетті.
Сонымен қатар іс-шараға ФИДЕ «Шахмат білім беру ісінде» комиссиясының аға кеңесшісі Леонче Гарсиа, бастауыш мектептегі шахмат пәнінің оқытушысы, Жирона университетінің Шахмат және білім беру жөніндегі обсерваториясының мүшесі Марк Бейг және аталған комиссияның хатшысы Рита Аткинс қатысты.
Қонақтарға KazChessLab зертханасының инфрақұрылымы мен әдістемелік мүмкіндіктері, «Шахмат педагогы» бағдарламасы студенттерінің алғашқы жобалары таныстырылды. KazChessLab-қа жасалған бұл сапар халықаралық сарапшыларға Қазақстандағы шахматты білім беру жүйесіне енгізудің жаңа қырларын таныстырып қана қоймай, елімізде дамып келе жатқан педагогикалық тәжірибелерге оң баға беруге мүмкіндік берді.
Бөлісу: