QyzPU Қазақстанның үздік 20 жоғары оқу орнының қатарына енді
-
29 мамыр, 2025
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі» (НААР) жүргізген 2025 жылғы жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, Қазақстанның ТОП-20 университетінің қатарына енді. Жалпы рейтинг қорытындысы бойынша университет 7-орынды иеленді.
Агенттік жүргізген рейтингке университет атынан ұсынылған 45 білім беру бағдарламасының 25-і үздік үштікке енді. Оның ішінде 17 – бакалавриат, 6 – магистратура және 3 – докторантура бағдарламалары бар. Бұл көрсеткіш – университеттің білім сапасы мен бағдарламалар мазмұнының бәсекеге қабілеттілігін айқындайды.
Әсіресе педагогикалық бағыттағы бірқатар білім беру бағдарламалары жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, педагогика және психология, физика, биология, хореография пәнінің мұғалімдерін даярлау, мектепке дейінгі тәрбие және туризм мамандықтары үздіктер қатарынан көрінді. Бұл жетістіктер – университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының сапалы еңбегі мен педагогикалық бағдарламаларды дамытудағы жүйелі стратегиялық бағытының нәтижесі.
Университет басшылығы алдағы жылы оқу орнының Қазақстанның ТОП-5 жоғары оқу орны қатарына енетініне сенімді. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі 2014 жылдан бері Қазақстанда «Жоғары оқу орындарының сұранысқа ие ұлттық рейтингін» жүргізіп келеді. Бұл рейтинг Берлин қағидаттарына – ашықтық, объективтілік, тексерілетіндік және ақпарат көздерінің қолжетімділігіне негізделген. Сонымен қатар Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ерекшеліктері мен әртүрлілігі де назарға алынады.
Айта кетейік, рейтингтік зерттеу білім беру сапасын бағалауға, ЖОО қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, еңбек нарығына сәйкестік туралы ашық ақпарат ұсынуға, оқытушылар еңбегін тануға және ғылыми-зерттеу тиімділігін анықтауға бағытталған.
QyzPU-дың ұлттық рейтингтегі табысты көрсеткіші – сапалы білім беру, кәсіби кадрлар даярлау және үздіксіз даму бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да оқу орны білім беру сапасын одан әрі арттыру, ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейту және академиялық ортада жаңашылдықты енгізу бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырмақ.
Бөлісу: