«Үздік оқытушы»: Ғазиза Шойбекова



    • «Үздік оқытушы»: Ғазиза Шойбекова

      АЛМАТЫ. 26 қаңтар. Баспасөз орталығы – «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болған филология ғылымдарының кандидаты Ғазиза Шойбекова Қыздар университетінің қабырғасында білікті кадрлар даярлауда және қазақ тіл білімінің дамуында қандай еңбек сіңірді?

      Ғазиза Шойбекова 1977 жылғы 28 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ауданында дүниеге келген. 1994 жылы Еңбекші ауылындағы «Қызылқұм» орта мектебін бітірген соң, 1994–2015 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавриат, магистратура, аспирантура және докторантура деңгейлері бойынша білім алады.

      Еңбек жолын 2000 жылы Алматы қаласындағы қазіргі Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатынан бастады.

      2005–2008 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Дайындық факультетінде қазақ тілі пәнінің оқытушысы қызметін атқарады. 2008 жылдан бері оқу орнының Филология факультетінде аға оқытушы, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы болып еңбек етіп келеді.

      Ғазиза Шойбекова 2006 жылы профессор Анар Салқынбайдың ғылыми жетекшілігімен «Туынды сөздердің мағыналық ерекшелігі мен уәжділігі (семантикалық әдіс)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады.

      Ғалымның зерттеулері қазақ тіл білімінің сөзжасам саласының теориялық мәселелеріне арналған.

      Ғ. Шойбекова Қытай, Түркия, Чехия, Словакия, Ресей және Өзбекстан сынды мемлекеттерде өткен ғылыми конференция, симпозиумдар мен форумдарда түркітану, қазақ тіл білімінің мәселелері жайында баяндамалар жасады. Сонымен қатар ол шетелдік жиындарда латын графикасын енгізу мәселелері, тіліміздегі шеттілдік сөздерді қазақыландыру, қажет жағдайда өзге түркі тілдерінің элементтерін пайдалану туралы мәселелерді көтеріп, өз тәжірибелерімен тұрақты түрде бөлісіп келеді.

      Ғазиза Бейсенбекқызы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан қаржыландырылған іргелі зерттеулер бойынша 2  жобаны орындады. Сондай-ақ ол «Коммуникативті грамматика: теориясы мен практикасы» және «Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиялары» ғылыми жобаларға қатысып, қазақ ғылымын дамытуға үлес қосты.

      Ол – «ҚАЗТЕСТ» қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша тест тапсырмаларын құрастырушысы, «Абай мектептерінің» 5-11 сыныптарына арналған бейіндік пәндердің үлгілік оқу бағдарламасының авторы.

      Ғазиза Шойбекова дайындаған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері халықаралық және республикалық ғылыми зерттеу жобалары байқауы мен білім олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болып келеді.

      Ғалым Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің дамуына қосқан үлесі үшін мерейтойлық «Құрмет белгісі» медалімен, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» мерекелік медалімен және Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: