Гүлназ Салғараеваның оқулықтары мен әдістемелік құралдарының тұсаукесері



    • Гүлназ Салғараеваның оқулықтары мен әдістемелік құралдарының тұсаукесері

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының директоры, қара шаңырақта 30 жылға жуық талмай еңбек етіп, жемісті қызмет атқарып, заман талабына сай мамандар даярлап келе жатқан ғалым Салғараева Гүлназ Ибрагимқызының Республикалық оқу әдістемелік Кеңестің ұсынысымен шығарылған «Рython-да программалау», «Қашықтан оқытудың әдістемесі және технологиясы» атты оқулықтары мен гранттық қаржыландыру бойынша әзірленген «Есту қабілеті зақымданған балаларға инклюзивті білім беруде цифрлық технологияны пайдалану» оқу-әдістемелік құралының тұсаукесер рәсімі өтті.

                                                      

      Гүлназ Ибрагимқызы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтын «Математика-информатика» мамандығы бойынша аяқтаған. Қыздар университетінің түлегі атанып, қазақ аруларының қара шаңырағында алғашқы еңбек жолын бастады. Гүлназ Ибрагимқызының ғылым саласына қосқан үлесі орасан. Информатика және математика бағыты бойынша жазған 300-ден астам ғылыми еңбектері, монография, оқулық, оқу құралдары жас ұрпақтың білімін жетілдіруде өз үлесін қосуда. Ғылыми мақалалары мен еңбектері Жапония, Қытай, Үндістан, Украина, Австрия, Словакия, Ресей, Қырғызстан және тағы басқа елдерде өткен халықаралық ірі ғылыми форумдарда жарық көрген. Сонымен қатар орта мектептерге арналған Білім және ғылымминистрлігі ұсынған «Информатика» оқулықтарының авторы.

                                                                               

      Тұсаукесер рәсіміне Басқарма Төрағасы-Ректор Гүлмира Қанай және проректорлар Закир Джумакулов, Қымбат Балажанова сонымен қатар арнайы келген қонақтар: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің  Басқарма төрағасы-Ректор Идрисов Саламат Нұрмұханұлы, UIB университетінің ректоры Махметова Анар Мусаевна, Арман-ПВ баспасының бас редакторы Бекболатова Айгуль Нурмукашевна, Арман-ПВ баспасының Цифрлық контент бөлімінің бас редакторы Бақтығалиева Айсұлу Умбеткалиқызы, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының профессоры, п.ғ.д. Сагимбаева Айнур Есенгазыевна, ALMAU Алматы менеджмент университетінің Онлайн білім беру департментінің директоры, п.ғ.к.  Исабаева Даража Нагашыбаевна, Сүлеймен Демирель университетінің «Математика» кафедрасының профессоры, п.ғ.к. Даулеткулова Айгул Утегеновна, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің профессоры, ф.-м.ғ.к., Нұргул Құрманбекқызы және университет ұжымы, ғалымның шәкірттері қатысып, Гүлназ Ибрамгимқызының жариялаған оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарының еліміздің информатика мұғалімдерін даярлауда үлкен үлес қосатын бағалы еңбектер екенін атап айтты.

                                                      

      Сондай-ақ, бүгін Гүлназ Ибрагимқызының 50-жасқа толуына орай, іс-шараға қатысушылар мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді. Гүлназ Ибрагимқызын туған күнімен шын жүректен құттықтай отырып, шексіз бақыт, отбасына амандық, дарынды шәкірттер мен ғылымда табыс тілейміз.

                                                                                

      Бөлісу: