Қатысушыларды марапаттау және алдағы перспективалар: Халықаралық шығармашылық симпозиум
-
10 маусым, 2024
QyzPU-дың 80 жылдығына орай «Өнер арқылы тұрақты даму мақсаттарын алға жылжыту» халықаралық шығармашылық симпозиумы (пленэр) өтті. Шараны Кәсіптік білім беру кафедрасы ұймдастырды.
Симпозиумның мақсаты: тұрақты даму мақсаттарымен халықаралық ынтымақтастықта кәсіби өнер аймағын құру және нығайту, дарынды білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал ету.
Симпозиумға Қазақстан және Корея, Словакия, Қытай, Тайланд, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 25 талантты кескіндеме шеберлері және ЖОО-нан 30 білім алушылар қатысты.
Бірінші күні университеттің акт залында халықаралық шығармашылық симпозиум салтанатты түрде ашылды. Басқарма Төрағасы - Ректор Гүлмира Қанай қатысушыларды арнайы құттықтап, іс-шараны ұйымдастырудың негізі өнер арқылы тұрақты даму мақсаттарына жетудің қағидаларын атап өтті.
Пленарлық секцияға арнайы шақырылған спикерлер қатысты: Стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жанар Рысбекова, Амандос Ақанаев - «Қазақстан Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің Президенті; Өмірбек Жұбаниязов - Қазақстан Суретшілер Одағының Төрағасы; Suriwan Sutham - Таиланд, Бансомдетчаопрайя Раджабхат Университеті, көркем білім кафедрасының доценті, ф.ғ.д., Юристанбек Шығаев – Қырғызстан халық суретшісі, И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің профессоры; Karine Paranyanc - Латвия Мемлекетінің Суретші одағының мүшесі, профессоры. Алыс-жақын елдерден келген қонақтар баяндама жасап, алғысын білдірді.
Симпозиумның негізгі мақсатында университеттің 80 жылдығына арналған «Тұрақты даму» орталығының ресми түрде тұсауы кесілді. Аталған орталықта білім алушылар мен тыңдаушыларға Латвиядан келген профессор, Суретші одағының мүшесі Karine Paranyanc «Стандарттан тыс мұражайдың ақ жәшігінен мультимедиялық көрмелер» тақырыпта семинарлық треннинг, Түркияның Тракья университетінің профессоры Melihat Tuzun «Заманауи өнер саласындағы көркемдік білім және инновациялық технологияларды қолдану» атты шеберлік сабақтарын жүргізіп, заманауи технологиялармен білім алудың түрлі техникаларымен тәжірибе бөлісті.
Үш күн аясында өткен симпозиумда шетелдік қылқалам шеберлері және білім алушылар оқу шеберханасында: «Әлем құпияларының шынайлығы», «Өнер әлемді құтқарады», «Өнер арқылы қоршаған ортаны сақтау», «Гендерлік теңдік», «Отбасылық құндылық» тақырыптарда шығармашылық жұмыстар жазды және Алатау тау бөктерінің табиғатына пленэрлік этюд орындады. Қатысушылар тақырыпқа сәйкес мазмұнды, әлемдік ахуалдан сыр шертетін көріністерді бейнеледі.
Симпозиум соңында кескіндеме шеберлердің қорытынды көрмесі және қатысушы білім алушылардың шығармашылық жұмыстарына байқау ұйымдастырылды. Қазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысының жеңімпаздары анықталып, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап өтсек: Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА студенті Абейдолла Акбота (жетекшісі Агатаев Серик) Бас жүлдені иеленді. Камолиддин Бехзод атындағы Ұлттық кескіндеме және дизайн институтының (Өзбекстан) студенті Жураев Мухаммадкодир (жетекшісі Сатторов Мухаммаджон) І орынды жеңіп алды. ІІ орындар М.Әуезов атындағы ОҚПУ мен «Тұран-Астана» университетінің білім алушылары ие болды және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Омбы мемлекеттік педагогикалық университеті, Ш.Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инновациялық институты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ІІІ орындардың жеңімпазы атанды.
Өзге симпозиумға қатысушылар номинация бойынша диплом және сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар және жетекшілеріне алғыс хаттар берілді.
Халықаралық шығармашылық симпозиум (пленэр) қорытындысы нәтижесі қатысушылардың шығармашылық жұмыстарының каталогында жарық көреді. Танымал суретшілердің шығармашылық жетістіктерімен тәжірибе алмасу және өнер арқылы тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру алдағы уақытта стратегиялық жоспар негізінде жалғасын табады. Отандық және шетелдік суретшілер мен білім алушылар арасында шығармашылық серіктестіктікті құру мақсатында Түркияның Тракья университеті өнер факультетімен келісім шарт жасау жүзеге асады.
Бөлісу: