QYZPU-да әйел ғалымдардың саны өсті
-
12 ақпан, 2024
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ғалым әйелдер айтарлықтай артты. Ғылым департаментінің мәліметіне сүйенсек, зерттеуші әйелдер саны 20% -ға өсіп, 192 адамды құрады. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 38 адамға аз, яғни 154 болған. Бұл ғылыммен айналысатын нәзік жандыларға көрсетіліп жатқан үлкен қолдаудың нәтижесі.
192 ғалым әйелдің 120-сы – ғылым кандидаты, 22-сі – ғылым докторы және 50-інің PhD дәрежесі бар. Жоғары ғылыми дәрежесі бар әйелдердiң мұндай көрсеткіші ғылым саласында гендерлiк теңдiктің өркендеп жатқандығын айғақтайды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің әйел зерттеушілері - ғылыми жаңалықтардың қозғаушы күші десек болады. Олар ғылыми жаңалықтар ашып, рейтингісі жоғары ғылыми журналдарға мақала жазады. Зерттеулер жүргізуге гранттар ұтып, инновациялық патенттер алады. Сондай-ақ әлемге әйгілі ғылыми зертханаларда және университеттерде тағылымдамадан өтеді.
Сондай жетістіктердің жарқын мысалы – жас ғалым Ақбота Қуандықова әзірлеген көкөністердің өнімділігін арттыратын препарат. Препарат жаңа фосфор органикалық қосылыстары негізінде алынған. Жас ғалымның жаңалығы ҚР Ұлттық зияткерлік меншік институтының патентін алды.
Тағы бір мысал – жас ғалым Мөлдір Әбдірайымова. Ол перовскит тәрізді ферриттер мен борофеннің синтезі мен электрокаталитикалық белсенділігін зерттейді. Оның ғылымы еңбегі сутегі алу үшін жаңа материалдар жасауға бағытталған, ал ол өнеркәсіптің түрлі салаларында пайдаға асады.
Ал профессор, ғалым Гүлнәз Салғараева инклюзивті білім беруді сапалы түрлендіруді қамтамасыз ету мақсатында цифрлық технологияларды қолдану және ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылардың қолжетімді білім алуын жеңілдету мақсатында үйретуші мобильді қосымшаларды әзірлеу мәселесін зерттеп жүр.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ғалым әйелдерге әлемдік деңгейдегі жобаларға қатысуына жағдай жасай отырып, олардың ғылыми мансабының өсуіне, дамуына алдағы уақытта да қолдау көрсететін болады.
Бөлісу: