QYZPU диетологы студенттерге дұрыс тамақтанудың қыр-сырын айтты
-
07 ақпан, 2024
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің диетология саласындағы жетекші мамандардың бірі Алмагүл Ержекенова студенттермен маңызды тақырыпта кездесу өткізді. Әңгіме «Тағам компоненттері және олардың рөлі» тақырыбында өрбіді.
Дұрыс тамақтанудың қағидалары мен принциптері жайында студенттерге құнды кеңестер берген диетолог Алмагүл Ержекенова олардың адамның денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтаудағы маңызы туралы да айтып берді. Зиянды тамақтан бас тартқанда ағзада болатын оңды өзігерістер және тамақтану этикетін сақтаудың аса маңыздылығы да сөз болды.
Алмагүл Ержекенова дұрыс тамақтанбаудың салдарына егжей-тегжейлі тоқталып, жүрек-қан тамыры ауруларының, гормондық бұзылулардың, оларды зат алмасу және ас қорыту жүйесіне зардабын атап өтті. Студенттер диетологтан тамақтың құнарлылығы туралы құнды мәліметтерді естіп білді.
"Дұрыс тамақтану – оқуда озат және болашақтағы табысты кәсіби қызметтің кепілі. Дұрыс тамақтану туралы ақпарат студенттер үшін өте маңызды, өйткені тағам әдеттерінің денсаулыққа әсері зор. Дұрыс тамақтану ағзаның қалыпты өсуі мен дамуына көмектеседі, иммундық жүйені нығайтады және түрлі аурулардың алдын алады", - деп атап өтті Алмагүл Ержекенова.
Менталды денсаулықты дамыту орталығының диетологы дұрыс тамақтану қағидаттарын ұстану студенттердің үнемі жақсы көңіл-күйде жүруіне көмектесетініне сенімді.
Бөлісу: