QYZPU мен Алматы әкімдігі «цифрлық обаға» қарсы күресті бастады



    • QYZPU мен Алматы әкімдігі «цифрлық обаға» қарсы күресті бастады

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті психологтарының мәліметінше, қоғамда «цифрлық оба» (гаджеттерге тәуелділік) дерті дендеп барады. «Салдарынан үлкен де, кіші де зейінін жоғалтуда,» – деп дабыл қаққан коуч-психолог Сара Мусина, жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуіне кез келді дейді. Яғни азаматтардың сана сезімін сауықтыру қажеттілігін атап өтті.

      Осы ретте Менталды денсаулықты дамыту орталығы мен Білім басқармасының білім берудегі қалалық ғылыми-әдістемелік жаңа технологиялар орталығы мектеп психологтары, әлеуметтік педагог мамандар, дефектологтарға онлайн және оффлайн форматта оқу өткізді. «Психология, технология, идеялар» атты арнайы оқуға бас-аяғы 120 адам қатысты.    

                                                        

      Шараның басты мақсаты – жас педагог-психологтарға, әлеуметтік педагогтарға психологиялық өзекті мәселелерді шешуге, әсіресе оқушылар арасында тараған гаджеттерге тәуелділікке қарсы нейропедагогикалық әдістерді қолдануға көмектесу.

      Ал спикерлер ретінде психология саласындағы белді мамандар шақырылды. Олар: профессор, психолог-практик, психотерапевт әрі әлеуметтік педагог Раушан Каримова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық мектебінің түлегі, қазіргі кезде №108 орта мектепте әлеуметтік педагог Ләззат Қалдан және HR + жүйесінің менеджері Қарлығаш Түкенова.

                                                                                     

      Қарағандыдан онлайн режимде қосылған Қарлығаш Төкенова педагог-психологтарға арналған психологиялық педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесінің тиімділігі, мониторингті енгізудің маңыздылығы туралы айтып берді. Ал психология ғылымдарының докторы, профессор, психоневролог-дәрігер және психотерапевт Раушан Кәрімова балалардың жүйке-психикалық дамуының түрлі нысандарын психологиялық сипаттау тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Ол сондай-ақ ерекше балаларды бастапқы психологиялық-педагогикалық түзету тақырыбын қозғады.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі Ләззат Қалдан «Google sites» платформасын ата-аналармен серіктестікті дамытуда қолдану туралы айтты. Ол орта мектепте оқушылар және олардың ата-аналарымен маңызды әлеуметтік қызмет атқарады.

                                                          

      Осылайша белгілі мамандар «цифрлық обаға» қарсы тұру үшін мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар мен дефектологтарға кеңестерін айтып, кәсіби әдістерімен бөлісті. Менталды денсаулықты дамыту орталығы психологтары қоғамдық сауықтыру, оның ішінде түрлі тәуелділіктердің алдын алу мақсатында мұндай шараларды жиі ұйымдастыруды көздеп отыр.

       

      Бөлісу: