«Егемендік – ел тілегі, Елбасы – ел тірегі» атты жиын өтті
-
04 желтоқсан, 2020
Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде тағылымды басқосу өтті.
«Егемендік – ел тілегі, Елбасы – ел тірегі» тақырыбындағы жиынға қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Бейнеконференция режіміндегі шараны Қыздар университетінің Жастар және қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің координаторы Әліби Несіпбаев ашып, жүргізіп отырды.
Жиында тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен даму тарихының өзекті мәселелері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамның демократиялануы мен президенттік институттың нығаюындағы тарихи рөлі, халықты біріктіру үдерісіне, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға және елдің сыртқы саяси стратегиясын айқындауға қосқан үлесін айқындалды.
Басқосуда алғаш болып Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев сөз алып, «Тұңғыш Президент күні – мемлекеттілікке құрмет күні» тақырыбында баяндама жасады.
– Елімізде қазіргі таңда мерекелер өте көп. Тіпті оларды отбасылық, халықтық, халықаралық, кәсіптік, мекемелік, мемлекеттік деп топтастыруға болады. Әр мерекенің өзіндік ерекшеліктері бар екендігін мойындай отыра, олардың ішінде мемлекеттік мерекелердің, атап айтсақ, Тәуелсіздік жарияланған күн мен Тұңғыш Президент күндерінің ел тарихында алатын орны мен маңызы өте ерекше дегім келеді. Осындай маңызды мемлекеттік мерекелерді атап өту ең алдымен, халық санасында мемлекеттіліктің маңызын одан әрі айшықтап көрсету үшін, жас ұрпақты мемлекетін сүюге, мемлекетшілдік рухта тәрбиелеу үшін, олардың бойында мемлекеттілік сананы сіңдіру үшін аса маңызды болып табылады, – деді өз сөзінде Берекет Кәрібаев.
Ал тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Арман Жұмәділ еліміздің басты жетістігі – тәуелсіздіктің өзі екендігіне ерекше тоқталып өтті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Сайлан Елбасының Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылуы мен дамуына қосқан үлесі турасында баяндады.
– Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекеттілікті қалыптастырудағы басым міндеттердің бірі – мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға қабілетті өзінің армиясын құру болды. Тарихы таза парақтан басталған Қазақстан Қарулы күштерінің құрылуы мемлекет басшысының тікелей қатысуымен жүзеге асырылған болатын. Осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сәйкес еліміздің жеке әскері құрылды. Сол кезеңде Елбасының нақты қойған міндеттері мен тиімді қабылдаған шешімдері нәтижесінде Қазақстанның Қарулы күштері қазіргі күнде республиканың аумақтық тұтастығын бекем қорғап келеді, – деп атап өтті Болат Сайлан.
Сонымен қатар шара барысында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және археология институты директорының орынбасары Әуезхан Шашаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Еділ Ноянов, Қыздар университетінің қауымдастырылған профессоры Ақмарал Қожабекова сөз алып, тәуелсіздік табыстары мен Елбасының қайраткерлігі жайында тың ойларымен бөлісті.
– Дербестігін жариялап, азаттығын алған жиырма тоғыз жыл уақыт ішінде елімізді барша әлем таныды. Жаһан жұртшылығына әлеуетімізді паш еттік. Осы жылдары әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформалар табысты жүзеге асты. Баянды болашақ, кемел келешекке деген үкілі үміт жалпыхалықтық сенімге ұласты. Бұлардың барлығы да Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы да сарабдал саясатының нәтижесінде жүзеге асты. Бәсекеге қабілетті қуатты мемлекет қалыптастырудағы Елбасының тұлғасын айшықтайтын мереке ретінде бұл атаулы дата тарих көшіне жалғаса береді деп сенеміз, – деді жиын қатысушылары.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Бөлісу: