QYZPU диетологы мықты денсаулықтың сырымен бөлісті



    • QYZPU диетологы мықты денсаулықтың сырымен бөлісті

      Денсаулыққа қалай қамқорлық жасау керек? Қалай тамақтанғанда астан бойымызға көбірек қуат аламыз? Бұл сұрақтарға жауапты Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің диетологы Алмагүл Ержекенова студенттермен кездесуде айтып берді. Университет жанындағы менталды денсаулықты дамыту орталығының маманы Алмагүл Ержекенова – терапевт-дәрігер, сертификатталған диетолог, тамақтану саласы бойынша медицина ғылымдарының магистрі, American Society For Nutrition қауымының мүшесі. 10 жылдан аса тәжірибесі бар мықты диетолог рационалды тамақтанудың пайдасы мен маңыздылығына жете тоқталды.

                                                  

      Рационалды емес тамақтанудың денсаулыққа қауіпті екені жасырын емес. Алайда ақпараттың жеткіліксіздігінен көпшілік оны біле бермейді. Диетолог осы бойынша студенттерге толық мағлұмат берді. Әсіресе, қалыпты тамақтану, жемістер мөлшері, тәрелке принципі, алақан принципі, теңдестірілген тамақтану, әртүрлі тамақтану, тамақтану режимі, тамақтану пирамидасы және тағам талдаудың мәні мен мағынасын түсіндіріп берді.

      Тамақтану саласы бойынша медицина ғылымдарының магистрі Алмагүл Ержекенова дұрыс тамақтану ережелеріне тоқталып қоймай, рационда болуы тиіс тағамдар туралы да студенттерге жеткізді. Сондай-ақ тамақты асыра жеу немесе жеткіліксіз тұтыну семіздік, диабет және жүрек-қан тамырлары аурулары секілді кері жайттарға соқтыратынын да атап өтті.

                                                                             

      Ағзаға пайдалы азық-түліктер де айтылды диетологпен кездесуде. Маман жастарға күн тәртібін таңдап, зиянды нәрселерден аулақ болуға кеңес берді. Өйткені мұның бәрі тікелей денсаулыққа әсер етеді. 

      Осылайша студенттер өз рационын жақсартып, ағзаға қажетті барлық компоненттерді алуға көмектесетін табақ қағидасымен және тамақтану пирамидасымен танысты. Тамақтануды үнемі талдау денсаулықты сақтаудың маңызды құралы саналады, өйткені осылай калориялар мен витаминдерді тұтыну реттеледі. Диетологпен әңгімеден соң қыздар дұрыс тамақтануға жаңа көзқараспен қарап, өз денсаулығына қамқорлық жасаудың маңыздылығын сезінді.

                                                                     

      Бөлісу: