Ғалымның ғылыми мұрасы зерделенеді



    • Ғалымның ғылыми мұрасы зерделенеді

      Ертең Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде белгілі түрколог ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбжан Құрышжанұлының 90 жылдығына орай «Түркологиялық кеңістіктегі гуманитарлық ғылымдар: тарихи сабақтастық пен өзара ықпалдастық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

      Алқалы басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ғылыми зерттеу ұйымдарының қызметкерлері қатысады.

      Жиын жұмысы «Түркітанудың жалпы мәселелері», «Профессор Ә. Құрышжанұлы және түркі дүниесі: тіл, тарих, руханият», «Профессор Ә. Құрышжанұлы және қыпшақтану ілімі», «Руна жазулары және түркі тілдері мен әдебиеті тарихы», «Түркі терминологиясының мәселелері», «Түркі халықтарының тарихи-мәдени байланысы», «Түркі тілдері мен әдебиетін оқыту ісіндегі ортақ мәселелер», «Жаңа ұлттық әліпби: қазақ жазуын жаңғырту» бағыттары бойынша жүргізілмек.

      Конференция барысында қазақстандық және шетелдік ғалымдар түркітануға қатысты ғылымның даму мәселелері төңірегінде өзара пікір алмасып, пайымды ойларын ортаға салмақ.

      Zoom платформасында өтетін конференцияның идентификациялық нөмірі: 949 8963 1766.

      Коды: 463760.

      Әбжан Құрышжанұлы – ұстаздықпен қатар, қазақ тiлiнiң тарихында ескi түркi жазба мұраларына қалам тартып, халық тiлiнiң iнжу-маржандарын терген ғалымдардың бiрi һәм бірегейі. Оның зерттеген еңбектері негізінен тіл тарихы, көне түркі тілдері мен ежелгі қыпшақ жазба ескерткіштері мәселелеріне арналып, аталған ғылым саласының көкжиегінің кеңеюіне зор ықпал етті.

      Ғалым есімі белгілі түрколог, орта түркі және қыпшақ тілдерінің білгір  маманы  ретінде бүкіл түркі халықтарына кеңінен мәлім.

      Бірнеше жылдан бері Қыздар университетінің ұйытқы болуымен «Құрышжанов оқулары» өтіп келеді. Дәстүрлі жиынның басты мақсаты – ғалым мұраларын өскелең ұрпақ арасында кеңінен дәріптеу, оның зерттеу еңбектерін ұлт жадында жаңғырту.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: