Би әлемінің бекзадасы дәріптеледі
-
25 қараша, 2020
Елімізде хореография өнерінің қалыптасып, оның дамуына елеулі үлес қосқан қазақтың тұңғыш кәсіби биші-балетмейстері, Қазақстанның халық әртісі Дәурен Әбіровтың есімін өскелең ұрпақ арасында дәріптеу мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Әбіров әлемі» атты жоба бастау алды.
Өнер және менеджмент институтының бастамасымен қолға алынған шара ғылыми-педагогикалық және рухани-шығармашылық бағыттарды қамтиды.
Жоба шеңберінде би өнері саласы мамандарының қатысуымен жиындар мен шеберлік сыныптары, семинарлар мен тренингтер, «Хореография» мамандығы бойынша білім алатын студенттердің кәсіби біліктілігін шыңдайтын байқаулар мен олимпиадалар өткізілмек. Сонымен қатар талантты жастардың шығармашылық әлеуетін арттыратын түрлі деңгейдегі өнер сайыстары да ұйымдастырылады.
«Би әлемінің бекзадасы» атанған Дәурен Әбіровтің ұйытқы болуымен 1989 жылы сол кездегі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында «Хореография» бөлімі ашылып, би өнерінің мамандарын даярлау қолға алынды. Бүгінгі күнге дейін аталған мамандық бойынша мыңнан астам түлек бітіріп, олар еліміздегі хореография өнерінің дамуы жолында еңбек етуде.
Айта кетейік, Дәурен Әбіров 1923 жылғы қазанда Жамбыл облысының Қордай ауданында дүниеге келген. А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін, Мәскеудегі Луначарский атындағы ГИТИС-тің балетмейстерлік бөлімін тәмамдаған. 1952 – 1977 жылдары аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының балетмейстері, бас балетмейстері, 1984 – 1989 жылдары қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кафедра меңгерушісі, 1989 – 1997 жылдары Қыздар университетінің «Хореография» бөлімінің жетекшісі, Театр және кино институтының Жоғары хореография мектебінде ұстаз болып еңбек етті.
Әбіров қойған В. Великанованың «Қамбар-Назым», Е. Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», А. Жұбановтың «Аққанат», Н. Тілендиевтің «Достық қымбат» балеттері көпшіліктің ыстық ықыласына ие болып, қазақ би өнерінің алтын қорына енді.
Ол «Жизель», «Аққу көлі», «Бақшасарай фонтаны», «Баядерка», «Шопениана» сияқты балеттерде жетекші партияларды орындаған.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Бөлісу: