ҚызПУ студенті Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясына ие болды



    • ҚызПУ студенті Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясына ие болды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Өнер және менеджмент институтының студенті Несібелі Тоқтасын Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған республикалық атаулы студенттік Стипендиялар байқауының жеңімпазы атанды.

      Бүгінде бойжеткен оқу орнында «Хореография» мамандығы бойынша білім алады. Бұған дейін жас ғалымдардың ғылыми-тәжірибелік конференцияларына қатысып, «Томирис» би ансамблінің құрамында халықаралық және республикалық өнер байқаулары мен пән олимпиадаларында жеңімпаз атанған.

      Биылғы жылдың 22 маусым мен 5 қыркүйек аралығында өткен сайысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Тараз, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Семей, Талдықорған және Өскемен қалаларынан 354 өтінім келіп түскен. Екі турдың қорытындысы бойынша 80 студент жеңімпаз атанды.

      «Жүзден – жүйрік» шыққандарға Қор тарапынан ай сайын 40 мың теңге көлемінде арнайы стипендия белгіленіп, «Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты» мәртебесі беріледі.

      Оныншы рет ұйымдастырылып отырған байқаудың басты мақсаты – өнер және мәдениет мамандықтары бойынша жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алатын студенттердің оқу, ғылыми және шығармашылық әлеуетін көтеру.

      Қор өкілдерінің айтуынша, бүгінге дейін 719 адам аталған стипендия иегері атанған.

      Байқау барысында студенттер академиялық үлгерімі, білім алушылар мен оқытушылар арасында беделі, оқу орнының қоғамдық, ғылыми-зерттеу және практикалық қызметіндегі белсенділігі сараланды. Сонымен қатар үміткерлердің екі жыл оқу барысында GPA балы жоғары транскриптері, сертификаттары, грамоталары, дипломдары мен ғылыми конференцияларға қатысуы да назарға алынды.

      – Көп жылдар бойы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясы Қазақстан студент жастарының белсенді және талантты өкілдері үшін жоғары мотивация және қолдау болды. Пандемия кезінде студенттер қашықтан оқыту форматына көшу, бір-бірімен әлеуметтік қарым-қатынастағы шектеулерге байланысты жаңа қиындықтарға тап болғаны рас. Ай сайынғы негізде стипендия алу сияқты қолдау бүгінгі қиын-қыстау кезеңде оларды жаңа табыстарға шабыттандырады және үздік оқуға ынталандыруды жалғастыра беретін болады, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров.

      Қордың стипендиясы бір оқу жылына белгіленеді, ал оның иегерлері табысты оқуы үшін мемлекет белгілеген өзге де көтермелеулерге үміткер бола алады.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: