«Ұстаздардың көшбасшылығы мен кәсібилігі» тақырыбындағы Ректордың арнайы дәрісі



    • «Ұстаздардың көшбасшылығы мен кәсібилігі» тақырыбындағы Ректордың арнайы дәрісі

      22 ақпанда Университет Ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызы «Еуразиялық қауымдастық: жаһандық білім және көшбасшылық» курсының студенттеріне арналған «Ұстаздардың көшбасшылығы мен кәсібилігі» тақырыбында арнайы дәріс өткізді.

      Қазіргі таңда  қазақстандық қоғам жағдайында позитивті әлеуметтену және тұлғаны дамыту мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Сондықтан мұғалімдердің көшбасшылығы кәсіби маңызды тұлғалық сипаттамалардың бірі болып табылады. Халықаралық жоба аясында Университетіміздің Ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызы Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының студенттеріне «Ұстаздардың көшбасшылығы мен кәсібилігі» тақырыбында арнайы дәріс оқыды.

      Дәріс барысында «ұстаздардың көшбасшылығы» ұғымы, Қазақстан мектептері педагогтерінің осы қабілетті дамыту мүмкіндіктері, кәсіби практиканы жақсарту үшін стратегиялық және мақсатты әрекеттер сияқты өзекті мәселелер қозғалды. Ректордың көшбасшылық пен ұстаздардың кәсіби дағдылары тақырыбы бойынша жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижелері мен көп жылдық тәжірибесі негізінде нақты педагогикалық практикадан жарқын мысалдар келтіріліп, осы дәріске қатысушылардың бірқатар талқылауларын ынталандырды. Өзара шағын пікір алмасулардан кейін студенттер Гүлмира Әмірханқызының сұрақтарына белсенді жауап беріп, ұстаздың көшбасшылығы мен кәсібилігі туралы өз көзқарастарын айтып, мектепте өткен практикалары барысында кездесетін қиындықтармен бөлісті. Оқушыларға жетіспейтін мотивация және ұстаз кәсібінің маңыздылығын қабылдау мәселесі, жеке қасиеттерін дамытудың тәсілдері мен әдістерін талқылады.

      Қорытындылай келе, Ректор бейнематериал негізінде мұғалімнің сапалы әзірленген портфолиосының бір мысалын талдады. Бұл барлық курс студенттерінің, магистранттардың және профессорлық-оқытушылар құрамының қызығушылығын тудырды.

      Арнайы дәрістің екі сағаты бір деммен өтіп,  нәтижесінде білім алушылар  өздерінің көшбасшылық қабілеттерін дамыту қажеттілігін түсініп, бұл ұстаздың кәсіби рөлі мен жалпы білім беру процесінің өзгеруіне байланысты екенін атап өтті. Өйткені, ұстаздың кәсіби қызметінің сәтті түрде жүзеге асырылуы көшбасшылық пен кәсібилікті дамыту үшін жағдайдың жасалуы мен оқыту тәжірибесінде әлеуетті арттыру негізінде іске асады.

      Бөлісу: