Дәстүрлі «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі - 2022» өтті
-
29 сәуір, 2022
АЛМАТЫ. 29 СӘУІР. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – QyzPU бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру және жұмыс берушілермен әріптестікті нығайту мақсатында дәстүрлі «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі - 2022» өткізді.
Жәрмеңкенің басты мақсаттарының бірі - жұмыс берушілер мен университет түлектерінің кездесуін ұйымдастыру және түлектердің жұмысқа орналасуына көмектесу.
Әрбір университеттегі кадрларды даярлаудың маңызды көрсеткішінің бірі - түлектердің жұмысқа орналасуы. Осы бағыттағы Университет жұмысының тиімділік көрсеткіші – 2021 жылы университетімізде түлектерінің 95%- ы жұмыспен қамтамасыз етілуі бола алады.
Қазақстан Республикасы Білім туралы Заңының 47-бабы 17-тармағының талаптарына сәйкес 2022-2023 оқу жылына қажет мамандарға сұранысты қанағаттандыру басты міндет болып табылады.
Іс-шара барысында еліміздің болашақ мұғалімдерін даярлау үдерістерін нормативтік-құқықтық және әдістемелік қамтамасыз ету және стратегиялық пайымдау мәселелерін талқылау мақсатында бірнеше семинар, дөңгелек үстел өткізілді. Атап айтсақ, «Түлектер мен жұмыс берушілердің көзімен жас мұғалімнің портреті» дөңгелек үстелі, «Мектеп –Университет – Мектеп» семинары; «Біз бірге мансап құрамыз!» мастер-классы және осы секілді шаралар тізбегі өтті.
Сонымен қатар, еліміздің Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы Білім басқармалары, аудандық білім бөлімдері өкілдері және мектеп директорлары 2022-2023 оқу жылына қажетті педагог мамандарға бос жұмыс орындары бойынша түлектермен онлайн / офлайн кездесу өткізді.
Шарада оған қоса университет түлектерін жұмысқа орналастырудың қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалары (Жастар практикасы / «Бірінші жұмыс орны» жобасы / «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы/ «Дипломмен - ауылға!») туралы Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының ізденушілерді қолдау бөлімінің мамандары ақпарат берсе, Алматы қаласы Алмалы ауданының жастар ресурстық орталығы өкілдері жастар жобасы туралы ақпараттармен бөлісті.
Жәрмеңке барысындағы есеп бойынша бүгінге дейін республика бойынша 500-ден аса ұйым мен кәсіпорындардан 2093 бос жұмыс орындарына сұраныс жасап отыр.
Іс-шара нәтижелерімен келесі материалдарда бөлісіп отырамыз.
МЕДИА
Коммуникация және маркетинг департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: