Білім беру мен психологиядағы зерттеулер аясында конференция өтті
-
15 сәуір, 2022
АЛМАТЫ. 15 СӘУІР. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Қыздар педагогикалық университетінде «Әлеуметтік трансформация жағдайындағы университеттер: білім беру және психологиядағы эмпирикалық зерттеулер» тақырыбында кезекті халықаралық конференция болып өтті.
Университеттің ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Закир Даниярұлы конференция қатысушыларына алғыс білдіріп, модераторлық тізгінді Педагогика және психология институтының деканы доцент Гүлжан Серікқызына тапсырды.
Алғашқы баяндамалық сөзді психология ғылымдарының докторы, университетіміздің теориялық және практикалық психология кафедрасының профессоры Хорлан Тоқтамысқызы алып, «Жоғары деңгейде психолог мамандарды даярлаудың шындықтары мен болашағы» тақырыбында сөз қозғады. Сонымен қатар білім беру мекемелеріндегі психолотардың педагог-психолог дәрежесін алу туралы, олардың кәсіби деңгейін көтеру хақында да үкімет басына ұсыныстар жолданғандығы жөнінде айтып кетті.
Конференцияға онлайн қатысқан Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің ассистенті, доцент, Даниэль Эрнандес-Торрано «Қазақстандағы жастардың психологиялық салауаттылығы: тұжырымдамалар, тенденциялар және факторлар» тақырыбының аясында Қазақстандағы мектеп оқушыларының әл-ауқат туралы түсінігіне жасаған зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Қорытындысында оқушылардың әл-ауқатына әсер ететін факторлар, мектеп психологтарының рөлі, олардың өз жұмыстарын толыққанды атқаруға жасалатын мүмкіншіліктер тақырыбында сөз қозғалды.
Онлайн форматта тікелей байланысқа шыққан тағы бір спикер JANYM үкіметтік емес ұйымының директоры Наталья Михайловна «Психологтардың көмегіне жүгінген жасөспірімдердің психологиялық мәселелеріне шолу» тақырыбында зерттеу жұмыстарымен бөлісті. Нәтижелер еліміздегі ең өзекті мәселелердің бейнесін ашып берді. Бұл мәселелердің шығу төркіні де зерттеліп, тізбектелді.
«Арнайы және инклюзивті білім берудегі эмпирикалық зерттеулер» тақырыбында баяндама оқыған дефектолог мамандығы бойынша PhD докторы Айнұр Асқарбекқызы инклюзиялық білім берудегі мәселелерге тоқталды.
QyzPU-дың теориялық және практикалық психология кафедрасының аға оқытушысы, ғылым магистрі Жайна Адиханқызы, педагогикалық психология, жасөспірімдердің өзін-өзі анықтауы жөнінде «Жасөспірімдерге кәсіптік бағдар беру технологияларының педагогикалық-психологиялық негіздері» тақырыбында балаларды мектеп бітірер кезде ғана емес, ерте жастан кәсіптік бағдар беру керектігіне баса назар қойды. Шетелдік дамыған елдердің тәжіриелерін қолдануды ұсынып, ұсыныстарын айтты.
Мектеп бітіруші түлектердің арасында жасалған тәжірибелерден өз мамандығын сүйіп келмеген студент, одан біліктілігі жоғары маман шықпайтынын, одан біздің мемлекеттік дамуымызға әсер ететін кедергілерге нақты мысалдар келтірді.
Ауқымды жиынға Қазақ психологиялық қоғамының президенті, психология ғылымдарының докторы, профессор, Мұқан Перленбетов те қатысып, Қазақстандағы білім беру саласындағы психолог мамандардың басты мәселелерін министрлікпен бірлесіп жұмыс жасап жатқандығы турасында, әлі де шешімін табуы тиіс мәселелерді көтеретіндігін айтып, қорытынды сөз түйді.
МЕДИА
Коммуникация және маркетинг департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: