Ғалымның ғылыми мұрасы зерделенді



    • Ғалымның ғылыми мұрасы зерделенді

      АЛМАТЫ. 30 НАУРЫЗ. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» мен Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесе отырып көрнекті ғалым,тарих ғылымдарының докторы Кеңес Нұрпейісұлының құрметіне арналған дәстүрлі «Нұрпейіс оқулары» аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өткізді.

      Конференцияда  тарих ғылымдарының  теориялық және  практикалық мәселелері, тарих пәнінің   мектепте  оқытудың  негізгі  мәселелері және  жоғарғы  оқу  орнында  тарихты  оқытудың  инновациялық технологиялары,  сонымен қатар тарихтың  білім  беру  жүйесіндегі  тәрбиелеуші  рөлі жайлы  4 секция  бойынша  тақырыптар қаузалды.

      Халықаралық конференцияның  кіріспе  сөзін  Шоқан  Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Тілеубаев Шамек Баянұлы оқыды.

      Тарих ғылымдарының докторы, профессор Құдайбергенов Әділхан Нұрғалиұлы «Кеңес Нұрпейісұлы туралы естеліктері» кітабы бойынша» «Адамгершілігін ардақтаған ғалым атты баяндамасында:

      - Кеңекеңнің өмірден өткеннен кейінгі бұл жинаққа жүзден аса естеліктер жиналыпты. Бұл ғалымның маңайына шапағаты мол, жақсылығы көп адамдарды жинай білгендігінің көрінісі болса керек. Кеңес Нұрпейісұлының көпсалалы творчестволық қызметі мен өмір жолы туралы осы жинаққа кірген авторлардың естеліктерінде айтылған – деп, ғалымның  жан-жары  Кеңекеңнің ғылымда да, өмірде де үлкен жеңістерге жетуі өмірлік жан серігі Мәриям Жүнісқызының адал қызметіне  де  тоқталып кетті.

      Пленарлық мәжілісте Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры Муртазаева Рахбар Хамидовна, Түркияның Нииде қаласындағы Өмер Халисдемир университетінің профессоры Мехмет Екиз өз елдері жайлы   тарихи зерттеулер мен оның дамуы  жайлы  баяндамалар жасады. Еліміздің  де  бірқатар профессор ғалымдары   арнайы дайындалған баяндамаларын оқып,  құттықтау  лебіздерін білдірді.

      Кеш соңында  тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Талдыбек Нұрпейісовтің  «Кеңес Нұрпейісұлы өнегелі өмір» атты кітабының тұсауы  кесілді.

      Сонымен бірге студенттерге ақшалай сыйақы да берілді, солардың қатарында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарих мамандығының 2-студенті Ысқақ Ұлдана мен 3 курс студенті Исаханова Шырайлым да ақшалай сыйлыққа ие болды.

      Қаралған мәселелерге байланысты конференцияда тарих ғылымының  жаңа  заманға  сай  заманауи әдістермен  ұсынылуы,  ескі  көзқарастан шығып, тың  көзқараспен   отандық тарихты жаңа бағыттарды  басшылыққа ала  отырып дамыту және Қыздар ұлттық педагогикалық университетінде «Нұрпейіс оқуларын»  өткізіп тұруды дәстүрге айналдыру  тағы  да  басқа  шешімдер ұсынылды.

        Коммуникация және маркетинг департаменті  

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05               

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz           

      Бөлісу: