Ұлағатты ұстазға құрмет көрсетілді



    • Ұлағатты ұстазға құрмет көрсетілді

      АЛМАТЫ. 24 наурыз. Баспасөз орталығы – Білікті оқытушылар – Университеттегі сапалы білімнің негізі. QyzPU University-да педагог кадрларды даярлау бағытында 300-ден астам жуық оқытушы қызмет атқарады. Солардың бірі – химия ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлназия Түгелбаева.

      Ұзақ жылдар бойы Университетте шәкірт тәрбиелеп, қажырлы қызмет атқарған ұстаздың 70 жылдығына орай арнайы жиын өтті.

      Ғалым-педагогті QyzPU Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай арнайы құттықтап, ұстаздық қызметіне алғысын білдірді.

      Сізді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы мен Өз атымнан 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Ұлағатты ұстаз, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде Сіз бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, елімізде білімді педагог кадрлар даярлауда өзіндік қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Ұлағат ұясы Қыздар университетінен басталған еңбек жолыңыз бен бүгінгі жеткен биік белесіңіз шәкірттеріңізге, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, – деді Гүлмира Қанай.

      Осы жылдары Гүлназия Түгелбаеваның жетекшілігімен жас ғалымдардың бір шоғыры өздерінің ғылыми жұмыстарын табысты қорғады. Бүгінде аталған еңбектер мемлекет игілігіне кеңінен пайдаланылуда. Оның отандық ғылымның дамуына қосқан үлесі бір бұл ғана емес. Ғалымның авторлығымен жарық көрген 100-ден астам ғылыми еңбек пен 2 авторлық куәлік отандық химия ғылымының ілгерілеуіне өз септігін тигізді.

      Ұзақ жылғы ғылым, білім беру саласындағы қажырлы қызмет пен табанды еңбек Гүлнәзия Түгелбайқызының есімін республика көлемінде ғана емес, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерге де танымал етті. Қазақта «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес. Өзгенің уақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау» деген ұлағатқа айналған ұғым бар. Ұстаздықтың ұлы жолында қажырлы қызмет қылған адам ғана биік белесті бағындыра алады. Бұл тұрғыда еңбегі – ерен, өмірі – өнеге Сіз мәртебелі мамандықтың абыройын арттыруға зор үлес қосып келесіз, – деп атап өтті өз сөзінде Университет ректоры.

      Гүлназия Түгелбаева – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі. Ол оқу орнын 1972 жылы «Физика» мамандығы бойынша тәмәмдаған.

      1979 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Теориялық физика мен физиканы оқыту әдістемесі кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, доценті, Тіркеуші-офис бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.

      Гүлназия Түгелбайқызы Чехия, Жапония, Түркия, Ресей, Латвия, Украина, Өзбекстан, Қазақстанда өткен халықаралық, республикалық конференциялар мен Симпозиумдарға тұрақты қатысады және жыл сайын студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасайды.

      Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін доцент Г. Түгелбаева ҚР ғылымы мен біліміндегі жетістіктері үшін «Ы. Алтынсарин атындағы белгімен», «Университеттің үздік қызметкері» төсбелгісімен, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің дамуына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісі» және «Ұлағат» медальдарымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамоталарымен марапатталған.

      Мерейтойлық жиын соңы «Әлемдік ақпараттық білім беру кеңістігі бәсекеге қабілетті ұстаз қолында» тақырыбындағы жас ғалымдардың республикалық ғылыми-практикалық конференциясына ұласты.

      Физика кафедрасының ұйымдастыруымен өткен жиынға отандық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жас ғалымдары қатысып, түрлі бағыттар бойынша өз зерттеулерімен бөлісті.

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті  

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05               

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz           

      Бөлісу: