Наурыз – береке мен бірліктің символы



    • Наурыз – береке мен бірліктің символы

      АЛМАТЫ. 22 наурыз. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Директорлар кеңесінің Төрағасы Омархан Өксікбаев оқу орнының ұжымы мен білім алушыларын Наурыз мерекесімен құттықтады.

      Құрметті әріптестер!

      Қымбатты білім алушылар!

      Баршаңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

      Іргесі сөгілмес бірліктің берекесі мен ырысы төгілмес тірліктің мерекесіне айналған Наурыз – айбыны асқан, түп-тамыры терең, тағылымы мол өнегелі өркениетіміздің өлшемі іспеттес.

      Ұлт тарихының тұңғиығына үңілер болсақ, қадым замандарда-ақ көктемнің алғашқы күнінде ағайындар бір-бірімен қауышып, көңілдегі кірбің мен ренішті кешіріп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бір-біріне қолұшын созып, тағам үлестіру үрдісі қалыптасқанын бағамдаймыз.

      Зерделей білсек, Наурыз – күн мен түннің теңеліп, тіршілік атаулының жанданатын кезімен тұспалдасып жатқан уақыт қана емес, ұлысымыздың ұйытқысына, халықтардың береке-бірлігіне негіз болған кезең екенін аңғаруға болады.

      Біз бүгін азаттықтың үшінші мүшеліне аяқ бастық. Бұл айшықты кезең еліміздің өзіндік дара жол таңдап, берік берекенің белесіне беттегенін дәлелдеп берді.

      Әрбір азаматын баласындай бауырына басқан Отанымыздың гүлденуіне жол ашты. Халқымыздың атын әлемге әйгілеп, мәртебесін өсірді.

      Сіздерді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, баршаңыздың шаңырақтарыңызға шаттық пен несібе тілеймін!

      Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

      Құрметпен, Омархан Өксікбаев,

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Директорлар кеңесінің Төрағасы

        Коммуникация және маркетинг департаменті  

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05               

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz           

      Бөлісу: