Жаңа оқу жылының білім беру бағдарламасы талданды
-
17 наурыз, 2022
АЛМАТЫ. 17 наурыз. Баспасөз орталығы – Бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша 2022 қабылдау жылына арналған білім беру бағдарламаларын әзірлеушілермен, кеңесшілермен және жұмыс берушілермен талдау бойынша онлайн-жиналыс өткізілді.
Білім беру бағдарламаларының мазмұны қоғамымызды нарық талаптарына сай, сұранысқа ие мамандар даярлаумен қамтамасыз ету мақсатында, жаңаланып ұсынылды.
Жиналыс қатысушылар қатарында «BilimInvest» білім инвесторларының ұлттық ассоциациясы, Алматы қаласы «Өрлеу» БКҰО филиалыны оқытушылары, «Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығының оқытушылары, Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл институты, Ұлттық Кітапхана, ғылыми-зерттеу институты, Алматы қаласы бойынша әртүрлі әлеуметтік қолдау орталықтары, Алматы оқушылар үйі, «Қазақстан дағдарыс орталықтары одағы», «Алматы қаласы Алмалы ауданы психолого-педагогикалық түзету №2 кабинеті», Janym жобасы жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына психологиялық қызмет көрсету орталығының өкілдері, Алматы облысы бойынша өнер мектептері, Алматы қаласы және Алматы облысының жалпы білім беретін мектептері – гимназияларының мұғалімдері, оқу ісі жөніндегі директор орынбасарлары, балабақшалар меңгерушілері, колледждер, ЖОО-ы оқытушылары болды.
Жұмыс берушілер, сыртқы сарапшылар ретінде білім беру бағдарламаларына өз тараптарынан көптеген құнды ұсыныстарымен бөлісті. Атап айтар болсақ, кәсіби практикадан өту сағаттарын көбейту және практиканы үздіксіз жүргізу; жаңартылған мазмұнға сәйкес пәндер тізімін толықтыру, жаратылыстану бағытындағы пәндердің оқу сауаттылығына көп көңіл бөлу және музыка, ән айту, хореография, сурет салу және басқа да сабақтар бойынша практикалық курстарды көптеп енгізу туралы ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар, жиналыста жекеменшік мектеп өкілдері білім алушыларды болашақта кәсіби практикадан өту мақсатында өз мектептеріне қабылдау үшін Университетпен ынтымақтастық меморандумына қол қоюға ынталы екендіктерін жеткізді. Оған дәлел, биылғы жылдары жұмысқа қабылданған жас мамандардың жоғары кәсіби құзыреттілік дағдыларын көрсетуі болып отыр.
Жиналыс барысында жұмыс берушілер нарықтағы сұраныс талаптарын ескере отырып, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттіліктерін арттырудың өзекті мәселелеріне тоқталды.
Жас маманның негізгі білім беру бағдарламасымен қоса, қосымша білімді меңгеруі үшін кейбір білім беру бағдарламаларына қосымша білім беру бағдарламалары (Minor) ұсынылды.
Жиналыстар легінің соңында, жұмыс берушілер түлектердің құзыреттіліктерін айқындайтын сауалнамаға қатысып отырды. Сауалнамаға барлығы 94 жұмыс беруші қатысты.
Білім беру бағдарламаларын талқылау барысында талданған ұсыныстар алдағы уақытта білім беру бағдарламаларының мазмұнын арттыру мақсатында университеттің оқу үдерісіне енгізілетін болады.
Коммуникация және маркетинг департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: