QyzPU-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өтті



    • QyzPU-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өтті

      АЛМАТЫ. 11 наурыз. Баспасөз орталығы – Жемқорлықпен күрес – үздіксіз түрде жүргізілуі міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде жыл басында өткізген жиынында құзіретті  органдарға  тапсырмалар  міндеттелген болатын. Осыған орай QyzPU профессор-оқытушылары мен студенттері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Қанат Сәлімбаев пен Республикалық «SANALY URPAQ» жобалық кеңесінің басшысы Қайыржан Токушевпен  кездесіп,  жемқорлықпен  күрес  және  оның  алдын алу  жөніндегі  мәселені  талқылады.

      Жиынды QyzPU Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай ашып, жемқорлықпен үздіксіз күрес – Университеттің басты миссияларының бірі екендігін айтты.

      – Жемқорлықпен  күрес – академиялық адалдықты  дамытудан басталады. Әлемдік экономикалық форумның берген мәліметінше жемқорлықтың  кесірінен әлем экономикасына 2,6 трлн. АҚШ доллары көлемінде нұқсан келген. Сыбайлас жемқорлықтың салдары қоғамның ең осал топтарына пропорционалды түрде әсер етеді. Кең таралған сыбайлас жемқорлық инвестицияны, экономикалық өсуді тежейді және заң үстемдігіне нұқсан келтіреді. Ал Академиялық адалдық студенттер мен қызметкерлерге өзгелердің  жұмысын құрметтеуді, мойындауды, жаңа идеяларды, білімдер мен шығармашылық жұмыстарды еркін жасауға мүмкіндік береді, – деді  өз сөзінде Гүлмира  Қанай.

      Сонымен  қатар ол Университетте академиялық адалдықты бұзу, яғни дипломдық жұмыстарды көшіріп жазу, плагиат жасау,  емтихан сұрақтары мен   тестілерді студенттерге беріп қою сынды құқық бұзушылық әрекеттердің  орын алмауын жете қадағалау жұмыстарын жүргізу жөнінде де айтты.

      Ал Республикалық «Sanaly Urpaq» жобалық кеңесінің  жетекшісі Қайыржан Токушев «Сыбайлас  жемқорлық және онымен  күрес» тақырыбында тың ақпараттарды ортаға салды.

      – Сыбайлас  жемқорлықты  қабылдау  индексінде  көрсетілген ақпаратта  2016-2019 жылдар аралығында Қазақстан жемқорлық жасау фактісі  бойынша  әлемде  131-113 орындарда  болып, төмен ұпайлық көрсеткіш көрсеткен. Ал 2020 жылы 94-ші орынға түсіп, жақсы  нәтижеге  қол жеткіздік.  Өкінішке  орай,  2021 жылы  бұл көрсеткіш қайта  төмендеп  әлем  бойынша  жемқорлық әрекет жасау  бойынша  102 орынға  шығып кеттік. Университет қабырғасы, жоғарғы  оқу  орны – сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы тәрбиелейтін орган деп есептеймін, – деді Қайыржан Токушев.

      Кездесуге жиылған тараптар біріккен  арнайы  бағдарламаларды  жасақтауды, оларды  жүзеге  асыруда  насихат жұмыстарын жүргізуге  екі  жақты  қолдау  білдіретіндіктерін айтты. Жиын соңы өзара пікір алмасуға ұласты.

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz         

      Бөлісу: