ҚАЗАНАМА: Жеңіскүл Қожантаева



    • ҚАЗАНАМА: Жеңіскүл Қожантаева

      АЛМАТЫ. 11 АҚПАН. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы биология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіскүл Қожантаеваның қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып  көңіл айтады. 

      Қожантаева  Жеңіскүл Жүнісбекқызы  1943 жылғы  27 сәуірде Қызылорада облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. 1960 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне түсіп, 1965 жылы география-биология мамандығын үздік дипломмен бітірген. Білім ала жүріп 4-5 курстарда институттың комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарған.

      Ж.Қожантаева КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғары аттестациялық комиссияның 1980 жылғы 9 қаңтардағы шешімімен ботаника кафедрасы бойынша доцент ғылыми атағы, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясының 1996 жылғы 22 қарашадағы шешімімен профессор ғылыми дәрежесі берілді.

      1965 жылы ботаника кафедрасына ассистент болып орналасқан. 1975 жылы «Филлостикта саңырауқұлағы түрлерінің биологиялық ерекшеліктері» тақырыбына кандидаттық диссертациясын қорғаған.

      1994 жылы Ташкент қаласында ботаника институтының арнайы кеңесінде «Септория саңырауқұлағы түрлерінің биологиясы, экологиясы, токсономиялық критерийлері» тақырыбына докторлық диссертация қорғады.  Бұл тақырып бойынша «Қазақстанның оңтүстігіндегі септория туысы түрлерінің биологиялық ерекшеліктері» «Септория туысына жататын саңырауқұлақтардың таксономиялық критерийлері, филогениясы» тақырыптарындағы екі монографиясы жарық көрген.  2003 жылы мектептің 7-сыныбына арналған биология оқулығы, 2005 жылы мектептің 9-сыныбына арналған биология оқулығының бірлескен авторы. 150 астам ғылыми еңбектері жарық көрген.

      Ж.Ж. Қожантаеваның жетекшілігімен аспиранттары Л.Е.Ануарова және А.Бостанова ғылыми зерттеу жұмыстарын аяқтап, биология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алған. 1984-1989 жылдары   ботаника  кафедрасының  меңгерушісі. 1996-2000жылдары жаратылыстану  факультетінің  деканы  қызметтерін  атқарған.

      2000-2021 жылдар аралығында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, жаратылыстану факультеті Биология кафедрасының профессоры қызметін атқарған.

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz         

      Бөлісу: