Педагогикалық білім беруге жаңа бетбұрыс жасалады – ҚызПУ ректоры



    • Педагогикалық білім беруге жаңа бетбұрыс жасалады – ҚызПУ ректоры

      АЛМАТЫ. 11 ҚАҢТАР. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша бірқатар маңызды міндеттерді атады. Соның ішінде Президент ұсынған мұғалім тапшы өңірлердің мәселесін шешудің жаңа тәсілі қазақстандық педагогикалық қауымдастықтың көңілінен шықты.

      Бұл туралы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай айтты.

      – Соңғы жылдары еліміздің орта білім беру саласында елеулі реформалар қолға алынып, ол жүйелі түрде іске асуда. Олардың ішінде бағалау жүйесі, жаңартылған білім беру бағдарламасы, педагогикалық тәсілдер жаңартылды. Сонымен қатар, инклюзивті білім берудің жаңа саясаты қолданысқа енгізілді. Ал «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалім мамандығының қоғамдағы беделінің артуына және олардың еңбекақысының өсуіне едәуір ықпал еткенін білеміз. Осы үрдістердің жалғасы ретінде бүгін Мемлекет басшысы мұғалімдер жетіспейтін өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешені мен аймақтарға үздік мұғалімдерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл – педагогикалық білім беруге жаңа бетбұрыс жасайтынына кәміл сенімдіміз, – деп атап өтті Гүлмира Қанай.

      Педагогикалық жоғары оқу орнының басшысының айтуынша, адами капиталдың сапасын арттыру – қоғам дамуын қамтамасыз етудің басты тетігі. Ал қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагогтерге тікелей байланысты.

      – Отандық педагогикалық жоғары оқу орындары талантты мұғалімдерді даярлауды одан әрмен жаңа деңгейге көтере түсу қажет деп ойлаймын. Бұл тұрғыда болашақ мамандардың сапасына жете мән берген дұрыс. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті сапалы педагогикалық білім беруді басты мақсат етіп келе жатқан оқу орны екендігін айтқым келеді. Университет ұжымы Мемлекет басшысы атап өткен міндеттерді саралап, тың ойлары мен идеяларын жүзеге асыруға ниетті. Бұл тарапта арнайы кешенді жоспарлар да қабылданатын болады. Бұл шаралар Президент ұсынған бағдарламаның сәтті жүзеге асуына, еліміздегі мұғалім тапшылығын жоюға өзіндік ықпалын тигізетініне сенімдіміз, – деді ҚызПУ ректоры.

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz       

      Бөлісу: