Университет ұжымы көңіл айтты



    • Университет ұжымы көңіл айтты

      АЛМАТЫ. 7 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы белгілі тарихшы, ғалым, публицист Талас Омарбекұлының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтады.

      Профессор Талас Омарбекұлы оқу орнында болашақ тарихшы мамандарға дәріс оқып, бірнеше жыл қатарынан «Қазақстан тарихы» пәні бойынша мемлекеттік емтихан төрағасы болып қызмет атқарды.

      Ол Мұхаммед Хайдар Дулати мұраларын, орта ғасырлардағы тарихи тұлғаларды зерттеп, Отан тарихын кезеңдеудің теориялық-методологиялық мәселелері бойынша бірқатар зерттеулер жасады.

      Қазақстанда сталиндік тоталитарық жүйенің орнығу тарихы мен оның салдарын зерттеген алғашқы тарихшылардың бірі болды.

      Тағылымды ғалым саналы ғұмырында бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, елімізде тәжірибелі тарихшылар мектебін қалыптастыра алды.

      Оның ғылыми-педагогикалық қызметі республика көлемінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де белгілі. Қазақ халқының, оның мемлекеттілігінің шығу және қалыптасу тарихын зерттеуде Талас Омарбекұлының еңбегі айрықша зор.

      Зиялы қауым Талас Омарбекұлын мемлекеттік идеологияны негіздеуде ұлтқа қызмет етудің жаңа үлгісін көрсеткен азаматтардың бірі ретінде бағалайды.

      Оның ғибратты ғұмыры – жай жылдар жиынтығы емес, ізденіс пен еңбектің, талпыныс пен табыстың, үйрену мен үйретудің жылдары болды.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: