Өнертану саласындағы жаңашылдықтар сарапталады



    • Өнертану саласындағы жаңашылдықтар сарапталады

      АЛМАТЫ. 18 қараша. Баспасөз орталығы – Елімізде хореография өнерінің қалыптасып, оның дамуына елеулі үлес қосқан қазақтың тұңғыш кәсіби биші-балетмейстері, Қазақстанның халық әртісі Дәурен Әбіровтың есімін өскелең ұрпақ арасында дәріптеу мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Әбіров әлемі» атты жоба бастау алды.

      Хореография және Арт-менеджмент кафедрасы бастамасымен қолға алынған іс-шара ғылыми-педагогикалық және рухани-шығармашылық бағыттарды қамтиды.

      Жоба шеңберінде би өнері саласы мамандарының қатысуымен жиындар мен шеберлік сыныптары, семинарлар мен тренингтер, «Хореография» мамандығы бойынша білім алатын студенттердің кәсіби біліктілігін шыңдайтын байқаулар мен олимпиадалар өткізілмек. Сонымен қатар талантты жастардың шығармашылық әлеуетін арттыратын түрлі деңгейдегі өнер сайыстары да ұйымдастырылады.

      Жоба аясында 10 желтоқсан күні «Көп мәдениетті қоғамдағы өнер: салт-дәстүрлер және инновациялар» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

      Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясындағы жиынның басты мақсаты – өнертану саласының өзекті мәселелер мен хореографиялық білім беру бағдарламаларын және оқытудың инновациялық әдістерін жан-жақты талқылап, зерделеу. Сондай-ақ басқосу Дәурен Әбіров еңбектерін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттауды да көздеп отыр.

      Конференция жұмысы «Хореография» және «Өнер саласындағы білім берудің өзекті мәселелері» бағыттары бойынша жүргізілмек. Онда қазақстандық және шетелдік мамандар жаһандану жағдайындағы хореографиялық өнер, ұлттық хореографиядағы заманауи режиссура, ART индустриясындағы оқыту әдістері мен принциптері, хореографиялық өнер саласындағы қашықтан оқытуды ұйымдастырудың ерекшеліктері, мәдениет және өнер саласындағы менеджмент, өнер саласындағы ғылымның даму мәселелері төңірегінде өзара пікір алмаспақ.

      P.S.: «Би әлемінің бекзадасы» атанған Дәурен Әбіровтің ұйытқы болуымен 1989 жылы сол кездегі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында «Хореография» бөлімі ашылып, би өнерінің мамандарын даярлау қолға алынды.

      Бүгінгі күнге дейін аталған мамандық бойынша мыңнан астам түлек бітіріп, олар еліміздегі хореография өнерінің дамуы жолында еңбек етуде. 

      Әбіров қойған В. Великанованың «Қамбар-Назым», Е. Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», А. Жұбановтың «Аққанат», Н. Тілендиевтің «Достық қымбат» балеттері көпшіліктің ыстық ықыласына ие болып, қазақ би өнерінің алтын қорына енді. 

      Ол «Жизель», «Аққу көлі», «Бақшасарай фонтаны», «Баядерка», «Шопениана» сияқты балеттерде жетекші партияларды орындаған.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: