Қыз бала тәрбиесіне арналған жиын өтті



    • Қыз бала тәрбиесіне арналған жиын өтті

       АЛМАТЫ. 9 қараша. Баспасөз орталығы – Қыз – болашақ ана, отбасының тірегі. Сондықтан да халқымыз қыз бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі деп ерекше маңыз берген. Филология ғылымдарының кандидаты, ғалым, парапсихолог Айнұр Әбдірәсілқызының Университет студенттерімен кездесуінде осы тақырып жан-жақты талқыланып, маңызды мәселелер ортаға салынды.

      Жиын барысында спикер рухани құндылықтар, бүгінгі жастар менталитеті және қоғамдағы әйел мәртебесі жайында да әңгімеледі. Ол өз сөзінде бүгінгі қоғамдағы қыз балалар тәрбиесі мемлекеттің болашағына тікелей әсер ететініне айырықша тоқталып, өмірлік тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді.

      – Жастар әрдайым қоғамдағы құбылыстарды терең сезінеді. Орыс халқының жазушысы Антон Чеховтың бір шығармасында жас кейіпкер қарт адамға: «Сізде ақыл бар, бірақ күш жоқ» дейді. Сонда егде кісі: «Ал сенде ақылсыз күш бар» деп жауап береді. Ақылсыз күшті айлалы адам қалауынша пайдаланады. Дегенмен мен қазіргі жастарға ақылсыз күш туралы әңгіме айтпас едім. Жастарда ең бастысы жан тазалығы бар. Жан тазалығы – ең басты құндылық. Тазалық жоғалған жерде барлығы да жоғалады, – деді Айнұр Әбдірәсілқызы.

      Басқосу барысында білім алушылар спикерге тақырыпқа орай сауалдарын қойып, толыққанды жауап алды.

      Кездесуді Университеттің Стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Жанар Рысбекова қорытындылап, қонаққа мағыналы да мазмұнды әңгімесі үшін алғысын білдірді.

      P.S.: Айнұр Әбдірәсілқызы – филология ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі. Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бакалавриатын, магистратурасы мен аспирантурасын тәмамдаған. 7 кітаптың, 100-ден астам мақаланың авторы, 20-ға жуық ғылыми-танымдық басылымдардың редакторы. 

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: