Танымал түлектер: Оразкүл Асанғазы



    • Танымал түлектер: Оразкүл Асанғазы

      АЛМАТЫ. 8 қараша. Баспасөз орталығы – Қымбатты достар! Біз Университетіміздің танымал түлектерін танытуды жалғастырамыз.

      Асанғазы Оразкүл Асанғазықызы – қоғам қайраткері.

      1952 жылғы 22 ақпанда Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген.

      1973 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Физика-математика факультетін үздік бағамен бітірген.

      Еңбек жолын 1973 жылы Шымкент облысы (қазіргі Түркістан облысы) Сарыағаш аудандық Жамбыл атындағы орта мектебінің мұғалімі болып бастаған. 1979-1982 жылдары Сарыағаш ауданындағы К. Маркс атындағы орта мектептің директоры, 1982-1985 жылдары Қ. Сәтбаев атындағы №10 мектеп-интернаттың директоры, 1985-1988 жылдары Алғабас аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, 1988-1990 жылдары Алғабас аудандық Халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрайымы, 1990-1992 жылдары Шымкент облыстық Халық депутаттары кеңесі идеология бөлімінің меңгерушісі, тіл, мәдениет және ұлтаралық қатынастар бөлімінің басшысы, 1992-1993 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданының әкімі, 1993-1995 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары, 1995 жылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1995-1996 жылдары Шымкент қаласы әл-Фараби ауданының әкімі, 1997-1998 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, 1998-2006 жылдары Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары, 2006-2012 жылдары Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

      2012 жылғы 20 қаңтардан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болып істеді.

      Оразкүл Асанғазы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып тұрған уақытта елордадағы 700 нысанның аты қазақшаға ауыстырылды. Ел астанасындағы «бөгде атаулы» нысандар ғана емес, ескі атаулы көшелер де жаңа атқа ие болды. Негізі, бұл да алғаш Елбасы астананы ауыстырарда көтерілген мәселе екен. Астана Сарыарқаға көшпей тұрып, Целиноградты аралаған Нұрсұлтан Назарбаев «мына көшелердің аты бұрыннан қалған атаулар ғой, бұлай болмайды, ауыстыру керек» депті. Бастапқыда 27 көшенің аты жаңаланыпты. Бірақ, кейін бұл үрдіс аяқсыз қалған. 2006 жылы Қалалық тілдерді дамыту басқармасына барған соң, Оразкүл Асанғазының ықпалымен барлық ескілі-жаңалы, енді салынатын көшелер тізімделіп, жаңа атаулар беріледі.

      «Қазақтың қайсар қызы» деп ат қойып, айдар таққан Оразкүл Асанғазыны көпшілік қауым ұлттың ұлылығын ұлықтап, мемлекеттік идеологияны негіздеудің соны үлгісін көрсетіп жүрген азамат ретінде бағалайды. Себебі ол саналы ғұмырының мазмұнды кезеңдерін, өнегелі өмірінің парасатқа толы беттерін жас ұрпақты тәрбиелеуге, ұлттық дәстүрді сақтаудағы қазақ тілінің рөлін арттыруға, отбасының ұйытқысы – әйелдің қоғамдағы орнын анықтауға арнады. Азат елдің айбынына айналған елордадағы көшелердің қазақи тамаша атаулармен аталуына оның қосқан үлесі орасан зор.

      Оразкүл Асанғазы Парламент қабырғасында да тіл, діл, дін, руханият салаларындағы көкейкесті мәселелерді көтеріп, олардың оңтайлы шешім табуына ықпал етті. Оның «Керегем саған айтамын» кітабында  мемлекеттік тіл саясаты, оның қолдану аясын кеңейту, жас ұрпақты тәрбиелеу мен ұлттық дәстүрді сақтаудағы тілдің рөлі, отбасының, әйелдің қоғамдағы орны кеңінен баяндалған. Сонымен қатар О. Асанғазықызы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңына және «Әкімшілік құқық бұзулар туралы» Кодексіне  өзгертулер енгізу мәселесі туралы 53 мақаланың авторы.

      Оразкүл Асанғазы «Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Белсенді қызметі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі», «Тіл жанашыры» белгілерімен және алғыс хаттармен марапатталған. Ол Түркістан облысының, Сарыағаш, Бәйдібек аудандарының және Жамбыл облысының Шу ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Мәдениет қайраткері.

      Тәлімді ұстаз, білікті басшы ретінде Оразкүл Асанғазы бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, елімізде білікті де білімді педагог кадрлар даярлауда өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Мектеп мұғалімдігінен басталған еңбек жолы бен бүгінгі жеткен биік белесі шәкірттері  мен өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.

      Қазақтың қайраткер қызының саналы ғұмыры – жай жылдар жиынтығы емес, ізденіс пен еңбектің, талпыныс пен табыстың, үйрену мен үйретудің жылдары болды.

      Оразкүл Асанғазықызының «Алты алашқа аты жайылып, ескі мен жаңа заманның алтын көпірі болған атақты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Түрік тілі­нің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деген қасиетті сөзі бар. Осын­дай гауһар тілімізді өз дәре­же­сінде пайдалана алмауымызға кезіндегі кеңес өкіметінің солақай саясаты әсер етсе, ал дәл қазір қоғамның барлық саласында қазақ тілінің мәртебесі жоғары болуы қажет. Жалпы кез келген елде тілдік ахуал өзгерген жағдайда тіл саясаты да жаңа талаптармен толығып отырады және барлық елдерде мемлекеттік тілді білу заң арқылы міндеттелген. Кез келген қазақ, қазақстандық бір-бірімен тек мемлекеттік тілде сөйлесетін уақыты келді. Тәуелсіздік қазаққа не берді десек, санымыз өсті, санамыз өркендеді, рухымыз жанданды. Рухымызбен бірге тіліміздің тұғыры да биіктеуі шарт», – деген пайымы көзі ашық зерделі жан үшін шамшырақ іспеттес екендігі белгілі.

      МЕДИА

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: