Университетте 97 балабақша қызметкері біліктілігін жетілдірді
-
03 қараша, 2021
АЛМАТЫ. 3 қараша. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті балабақша және мектеп педагогтерінің біліктілігін арттыруды қолға алуда.
Биылғы оқу жылынан бастап оқу орны жанынан Біліктілікті арттыру институты қайта құрылды. Институт қазан айында балабақша қызметкерлеріне арналған «Мектепке дейінгі ұйымдарда педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың тиімді жолдары» атты курс өткізді.
Онлайн форматта ұйымдастырылған курс қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді.
Біліктілікті арттыру курсын Университеттің үздік оқытушылары, сертификатталған жаттықтырушылар және практикалық тәжірибесі бар мамандар жүзеге асырды.
Оқу орнының Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Еркін Жұманқұлова курсты сәтті аяқтағандарға сертификаттар табыстап, қоғам игілігі үшін атқарып отырған істеріне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жанындағы Біліктілікті арттыру институты оқытушылар құрамының кәсіби білімі мен дағдыларын тереңдету мақсатында әр түрлі бағытта қосымша кәсіби білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Институттың негізгі міндеттері – оқытудың жаңа технологиялары мен оқыту әдістерін білім беруге көшіру, Университеттің білім кеңістігін кеңейту, қосымша білім беру жүйесін жетілдіру, Қазақстандағы педагогикалық қауымдастық пен Университет қызметкерлеріне арналған профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыруды ұйымдастыру.
Еліміздегі мектеп мұғалімдерін әдістемелік қолдау да институттың басты мақсаттарының бірі.
Бүгінге дейін институтта 100-ден астам педагогтер біліктілігін жетілдірді.
Маркетинг және коммуникациялар департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: