Танымал түлектер: Күләш Құнантаева



    • Танымал түлектер: Күләш Құнантаева

      АЛМАТЫ. 18 қазан. Баспасөз орталығы – Қымбатты достар! Біз Университетіміздің танымал түлектерін танытуды жалғастырамыз.

      Күләш Құнантаева – педагогика ғылымдарының докторы, академик, профессор. 1931 жылғы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін үздік бағамен бітірген.

      Ол – Қазақстан әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы. 1968-1984 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған.

      Күләш Құнантаева 1931 жылғы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының Филология факультетін үздік бағамен бітірген. Еңбек жолын Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Октябрь орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған. 1954-1956 жылдары Алматы қаласындағы Ленин аудандық комсомол комитетінің мектеп бөлімінің басшысы, 1956-1959 жылдары Алматы облыстық комсомол комитетінің хатшысы, 1959-1964 жылдары Қазақ КСР-і ЛКЖО Орталық комитетінің хатшысы, Қазақстан Пионер ұйымы кеңесінің төрағасы, 1964-1967 жылдары Қазақ КСР-і жоғары және орта арнаулы білім министрінің орынбасары, 1967-1968 жылдары Алматы шетел тілдері институтының оқу ісі жөніндегі проректоры сынды қызметтерді абыроймен атқарды.

      К. Құнантаева 1968 жылы өзі білім алған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры қызметіне тағайындалады. 16 жыл бірегей білім ұясына басшылық жасаған Күләш Құнантаева осы жылдары аралығында оқу орны жаңа деңгейге көтерілді. Сол кезеңде заман талабына сай оқу ғимараттары мен үш жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар 1200 адамды бір мезгілде тамақтандыратын асхана, кітапхана мен спорт кешендері іске қосылды. Күләш Құнантаеваның тікелей ықпалымен 80 пәтерлік тұрғын үй салынып, ол баспанасыз жүрген институт қызметкерлері мен мұғалімдеріне берілді. Осы уақыт кезеңінде Қыздар институтының оқу және ғылыми жұмыстарының материалдық базасы уақыт ағымына сай жаңартылып, жаңадан 12 зертхана ашылды. Олар соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталып, студенттердің ғылыми жұмыспен айналысуына мол мүмкіндік туды. Осыған орай оқу орнына білікті мамандар да шақырылды.

      К. Құнантаева институтқа басшылық еткен жылдары студенттер контингенті 3600-дан 6200-ге жетті. Сондай-ақ факультеттер саны 4-тен 6-ға, кафедралар саны 19-дан 28-ге артты. Студенттерге арналған медициналық орталық және мұғалімдер мен қызметкерлерге арналған Қапшағай су қоймасының жанынан демалыс орны ашылып жұмыс істей бастағаны да осы уақытта.

      Күләш Құнантаеваның тікелей ықпалымен «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі құрылды. Қазақ эстрадасында ең алғаш қыздардан құралған топ – «Айгүл» аз уақыттың ішінде әсем әндерімен, музыкалық жоғары талғамымен өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында ансамбль әлемнің 10-нан астам елінің сахнасында қазақ әндерін орындап, ұлт өнерінің дамуына зор үлес қосты. Шоқтығы биік мемлекеттік сыйлықтармен марапатталып, «Халықтық шығармашыл ұжым» атағына ие болды. Бірнеше байқауларда «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, үздік атанды.

      Ғалым-ұстаз 1984-1997 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Мектепке дейінгі педагогика және педагогика кафедрасының профессоры, Жалпы педагогика кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ол 1975-1985 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің ІХ және Х шақырылымдарының депутаты болып сайланды.

      Күләш Құнантаева – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының және ҚР Педагогика ғылым академиясының Құрметті академигі, Ресей білім беру академиясының шетелдік мүшесі, Грузия білім беру ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

      Ғалым-педагог 1966 жылы «Некоторые внеучебные трудовые и образовательные объединения учащихся Казахстана» тақырыбында кандидаттық және 1981 жылы «Развитие  женского образования в Казахстане (1920 – 1975)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Оның әйелдер білімінің дамуы және Қазақстанда білім беруді дамыту туралы 400-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді. Оның ішіндегі оқу құралдары мен оқулықтар және монографиялар бар. Күләш Құнантаеваның жетекшілігімен 24 ғылым кандидаты мен докторы дайындалды. Қазіргі күнде де «Құнантаеваның ғылыми мектебі» сабақтастығы сақталған.

      К. Құнантаева ғылыми-педагогикалық қызметі, ғылым мен білімді дамытудағы және кадр даярлаудағы ерен еңбегі үшін көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» сынды орден-медальдар, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», «КСРО Жоғары мектебінің үздігі», «Жыл адамы», «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» атақтары мен Құрмет грамоталары бар. 

      Күләш Құнантайқызы Құнантаева – Қазақстан әйелдерінің ішінен шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы. Ол – отандық педагогика ғылымының дамуына іргелі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, еліміздің жоғары білім беру саласының дамуында өз қолтаңбасын қалыптастырған қайраткер.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: mar.com@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: