Танымал ғалымдар: Мұхаметқали Матаев



    • Танымал ғалымдар: Мұхаметқали Матаев

      АЛМАТЫ. 6 қазан. Баспасөз орталығы – Қымбатты достар! Біз «Танымал ғалымдар» айдарын жалғастырамыз. Бүгін Сіздерге химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы атом өнеркәсібінің еңбек сіңірген қайраткері Мұхаметқали Матаев туралы айтамыз.

      Ғалымның 100-ден астам ғылыми жұмысы жарық көрген. Оның ішінде 9 оқу құралы мен 9 өнертабыс патенті бар.

      Мұхаметқали Матаевтың авторлығымен республикалық және шетелдік ғылыми журналдарда 50-ге жуық мақала шыққан.

      Ғылымдағы еңбегі

      Ғалымның жетекшілігімен бес ғылым кандидаты, екі PhD докторы мен елуге жуық магистрант даярланды. Оның шәкірттері орындаған ғылыми-зерттеу жұмыстары университеттік, республикалық және халықаралық конференциялар мен конкурстарда грамоталармен, дипломдармен марапатталды.

      Мұхаметқали Матаев Қазақстан Республикасы Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті химия ғылымдарының кандидаты диссертацияларын қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы, докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы, «Ұлттық технологиялық даму агенттігі» АҚ гранттық бағдарламасының ғылыми және ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жобалардың сарапшысы қызметтерінде отандық ғылымның дамуына зор еңбек сіңірді.

      Ғалымның жетекшілігімен «Мультиферроика класындағы жаңа кристалдық жүйелердің дамуы мен физикалық негіздері», «Көп функциялы магниттік материалдардың жаңа буындарының синтезі мен физико-химиялық зерттеулері», «Көпфункционалды химиялық реагенттер кешенімен бірге гидродинамикалық деколматизация қондырғысын қолдана отырып, ұңғымалық уран өндірісін интенсивтендірудің инновациялық технологиясын әзірлеу» тақырыбындағы жобалар жүзеге асты.

      Өмірбаяны

      Мұхаметқали Матаев 1985 жылы Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Химия» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдаған. 1991 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен.

      Әр жылдары Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ-да инженер, аға ғылыми қызметкер, аға оқытушы, доцент, Бейорганикалық химия кафедрасының меңгерушісі, Химия факультетінің деканы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Химия кафедрасының меңгерушісі, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы зертханасының меңгерушісі, аға ғылыми қызметкері сынды лауазымдарда еңбек етті.

      2021 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Химия кафедрасының профессоры қызметін атқаруда.

      Мұхаметқали Матаев 1995 жылы «Аралас қорғасын висмут оксогенидтерінің синтезі мен физико-химиялық зерттеулері» тақырыбында кандидаттық, 2011 жылы «Комплексті аралас марганит, феррит, висмутит синтезі және физикалық-химиялық зерттеулер» тақырыбында докторлық диссертациясын табысты қорғады.

      Ғалымға Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2018 жылғы 17 мамырдағы бұйрығымен химия мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.

      Мұхаметқали Матаев отандық ғылымның дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін ІІІ дәрежелі «Қазақстан Республикасының атом өнеркәсібінің еңбек сіңірген қызметкері» құрметті белгісімен, ҚР ЖОО қауымдастығының «Үздік ғалым» құрмет белгісімен және салалық мекемелер мен ұйымдардың «Құрмет грамоталарымен» марапатталған.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: mar.com@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: