Гүлмира Қанай университеттің биылғы түлектерін құттықтады
-
14 шілде, 2021
АЛМАТЫ. 14 шілде. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай оқу орнының биылғы түлектерін құттықтады.
Құрметті әріптестер!
Бүгіннен бастап Сіздер менің әріптестерім атанып жатырсыздар.
Баршаңызды оқуды сәтті аяқтауларыңызбен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Бүгін Сіздер 80 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлектері атанып жатырсыздар. Бірнеше жыл бойы білім жолында тер төктіңіздер. Бүгін сол еңбектеріңіздің жемісін көретін күн туды.
Өкінішке орай COVID-19 пандемиясына байланысты осы күні Сіздермен дәстүрлі форматта тойлауға мүмкіндігіміз болмай отыр. Көбілеріңізді бетпе-бет кездестіруге де мүмкіндігім болмады. Дегенмен, Сіздермен өзімнің ұстаздық және зерттеушілік тәжірибемнің негізінде түйген ойларыммен бөлісуге рұқсат етіңіздер.
Кәсіби жолдарыңыздың басында Сіздерге бірнеше кеңес бергім келеді:
Біріншіден, армандаңыздар. Армандарыңыз асқақ болсын. Армандарыңызды нақты жоспарға, ал жоспарларыңызды әрекетке айналдырып отырыңыздар. Сол кезде армандарыңыз міндетті түрде шындыққа айналады.
Екіншіден, өздеріңізге сеніңіздер. Асқақ арманға жету жолында көптеген кедергілер кездесуі мүмкін. Дегенмен, алдарыңызға нақты мақсат қою арқылы және өздеріңіздің әрекеттеріңізге деген сенім арқылы Сіздер барлық асуларды бағындыра аласыздар.
Үшіншіден, бастамашыл болыңыздар. Білім беру жүйеміздің дамуы үшін біздің елімізге көшбасшылық таныта білетін ұстаздар керек. Көшбасшылық таныту дегеніміз – Сіз жұмыс істейтін ұйымның даму бағытын анықтап, сол бағытқа жету жолында басқа әріптестерге ықпал ете білу. Бастама көтеріп, өзгеріс енгізуден қорықпаңыздар. Көшбасшылық таныту арқылы Сіздер көшбасшы бола алатын оқушылар тәрбиелей аласыздар.
Төртіншіден, кішіпейіл болыңыздар. Алдарыңызға қойған мақсаттарға жету жолында амбицияны емес кішіпейілділікті алдыңғы орынға қойыңыздар. Ұдайы басқалардан озам деп өздеріңізге мақсат қоймаңыздар. Қателескен кезде қатені мойындау, қанағаттық таныта білу – адам баласының ең жоғары тәрбиесі мен көрегендігінің белгісі.
Естеріңізде болсын, тауға шығып бара жатқан кезде кездестірген адамдарды, таудан түсен кезде де кездестіресіздер.
Бесіншіден, әділетсіздікке немқұрайлық танытпаңыздар. Өкінішке орай әлемде теңсіздік пен әділетсіздік жиі орын алып жататыны белгілі. Қолыңыздан келгенше айналадағы адамдарға көмек беруге, қоғамда белсенділік таныту арқылы алдарыңыздағы оқушыларыңызға үлгі бола біліңіздер.
Алтыншыдан, өмір бойы білім алудан қорықпаңыздар. Әлем жылдам өзгеріп жатқан кезеңде біздің бүгін алып жатқан біліміміз ертең ескіріп жатады. Сол себепті, өмір бойы білім ала білулеріңіз өте маңызды. Елімізде әлемде баламасы жоқ «Болашақ» бағдарламасы бар. Сол арқылы әлемнің алдыңғы қатарлы білім ордаларында білімдеріңізді ары қарай шыңдаңыздар. Ол Сіздерге өмірде көптеген есіктерді ашатынына және үлкен мүмкіндіктер беретініне сенімдімін.
Ағылшын зерттеуші-педагогы Лоренс Стенхаус айтқандай: «Түбінде әлемді өзгерте алатын адамдар, ол – өз тәжірибесін зерттеу арқылы оған өзгеріс енгізе алатын, оны жетілдіре алатын ұстаздар» деген екен. Сол себепті, біз өмір бойы іздену арқылы білім саласында болып жатқан реформаларды жылдамдатуға ат салысып, керек болса, сол реформалардың бағытын анықтайтындай кәсіби мамандар бола білуіміз керек.
Еліміздің келешегі саналы ұрпақ болса, сол ұрпақты оқытатын Сіздерсіздер, құрметті әріптестер!
Еліміздің қай бөлігінде болсаңыздар да, Сіздердің қоғамда арнайы миссияларыңыз бар екендігін ұмытпаңыздар.
Альма-матерлеріңіз Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің есіктері Сіздерге әрдайым ашық. Сіздерді әрдайым асыға күтетін боламыз.
Сіздерге кәсіби және өмір жолдарыңызда толағай табыс тілеймін! Амандықта кездескенше!
Шынайы құрметпен, Гүлмира Қанай,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07
e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: