Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге тіркеу 18 маусымда басталады



    • Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге тіркеу 18 маусымда басталады

      АЛМАТЫ. 18 маусым. Баспасөз орталығы – Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысу үшін тіркеу 18 маусым күні басталады. Тіркеу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі.

      Ал түсу емтихандары 20 шілдеден басталып, 10 тамызға дейін жалғасады.

      – Тіркеу кезінде тестілеу өткізілетін орынды оқуға түсуші өзі таңдайды. Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында байқау сынағынан өтуге болады, – деді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

      Магистратураға түсу форматына келетін болсақ, биыл ешқандай өзгеріс жоқ. Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда тестіленуші КТ аяқталғаннан кейін 30 минуттың ішінде апелляцияға өтініш бере алады.

       

      Магистратураға түсуге арналған тестілеу 3 бөлімнен тұрады:

      - шет тілі бойынша тест;

      - оқуға дайындығын анықтауға арналған тест;

      - білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.

      Шет тілін меңгерудің жалпы халықаралық құзыреттеріне (стандарттарына) сәйкес шет тілін меңгергенін растайтын бір халықаралық сертификаты бар магистратураға түсушілер шет тілі бойынша кешенді тестілеуден босатылады.

      Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға түсу үшін шекті балл өзгеріссіз қалды және ол 75 балды құрайды.

      Ал оқуға ақылы негізде түсу үшін 50 балл жинау қажет.

      Емтихан төрт сағатқа дейін жалғасады.

      Естеріңізге сала кетейік, бакалавриат бойынша гранттардың жалпы саны – 56 561, магистратура – 13 263, докторантураға 1 890 грант бөлінген.

      Кадрлар даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

       

      Бөлісу: