Дебат турнирлерінің жеңімпаздары ректор гранттарын ала алады



    • Дебат турнирлерінің жеңімпаздары ректор гранттарын ала алады

       АЛМАТЫ. 25 мамыр. Баспасөз орталығы – Дебат ойындарының белсенді қатысушыларымен кездесу барысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов елімізде оқушылар мен студенттер арасындағы дебат қозғалысы қайта жанданып жатқанын және дебаттар мектеп, колледж, жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының ажырамас бөлігіне айналатынын атап айтты.

      Кездесуге республиканың барлық ауданы мен қаласынан дебат үйлестірушілері, білім басқармаларының басшылары, жоғары оқу орындарының проректорлары, мектеп және студенттік дебат клубтарының белсенді дебатерлері шақырылды. Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда дебат қозғалысын дамыту тұжырымдамасын және оқушылар, студенттер арасында дебат турнирлерін өткізу қағидаларын әзірледі. Жаттықтырушыларды даярлау бойынша жұмыс жүргізіліп, дебат клубтары ашылып жатыр. 

      – Дебатты ойын ретінде емес, білім беру технологиясы деп қабылдауымыз қажет. Сондықтан бұл қозғалысты белсенді түрде дамытып жатырмыз. Біз Қазақстанда дебат қозғалысын дамыту тұжырымдамасын және оқушылар мен студенттер арасында дебат турнирлерін өткізу қағидаларын әзірледік. Министрліктің «Оқуға құштар мектеп», «Мектептегі және студенттік өзін-өзі басқару» сияқты жобаларымен бірге «Дебаттар» жобасына да барлық білім беру ұйымында баса мән берілуі тиіс, – деді министр Асхат Аймағамбетов. 

      Сондай-ақ БҒМ басшысы студенттік жылдары өзі де дебат ойындарына белсенді қатысқанын тілге тиек етіп, балалармен өз тәжірибесімен бөлісті.

      – Дебат адам бойында маңызды дағдыларды қалыптастырады. Мәселен, бұл тәжірибе маған көп пайдасын тигізді және қазір жұмыс барысында да көмектеседі. Сондықтан балалардың сыни ойлау қабілетін дамыту, командада жұмыс істеуге баулу, сұрақтарға жауап беру, өз пікіріңді дәлелдеу, балалардың өз ойларын дұрыс тұжырымдауы үшін бізге осы білім беру технологиясын белсенді қолдану қажет, – деді еліміздің бас педагогы. 

      Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов дебат қозғалысының дамуы қағаз жүзінде болмауы тиіс екеніне тоқталды. Осы ретте баланың қызығушылығын туғызып, оған жеке қасиеттерін дамытуға көмектесу маңызды.

      Айта кеткен жөн, дебат турнирлерінің жеңімпаздары жоғары оқу орындары ректорларының гранттарын ала алады.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

        

      Бөлісу: