Стипендиялар тікелей карта шоттарға түсетін болады



    • Стипендиялар тікелей карта шоттарға түсетін болады

      АЛМАТЫ. 19 мамыр. Баспасөз орталығы – Студенттердің, магистранттардың және докторанттардың стипендиялары тікелей карта шоттарына түсетін болады. Бұл туралы ҚР БҒМ аппарат кеңесінде айтылды. Пилоттық режимге әзірге үш жоғарғы оқу орны қатысып жатыр. Олардың қатарына тағы 21 ЖОО қосылды.

      – Соңғы 30 жылдың ішінде стипендия және жалпы мемлекеттік тапсырыс ЖОО-ға аударылатын. Одан әрі жоғары оқу орындары студенттердің үлгеріміне қарап, стипендия беретін. Біз мұнда көптеген тәуекелдерді, соның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де көріп отырмыз. Бүгінгі таңда үш ЖОО пилоттық жобаға қатысып жатыр, 21 ЖОО осы схема бойынша шарт жасасты. Біз бұл пилоттық жобаны шілде айына дейін аяқтауды және шілде айынан бастап осы жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді вице-министр Бибігүл Асылова.

      Стипендияларды төлеу жөніндегі функцияны Қаржы орталығы жүзеге асыратын болады. Өз кезегінде ЖОО студенттердің үлгерімі мен мәртебесі (оқуға түсу, аяқтау, оқудан шығару және т.б.) бойынша ақпаратты тиісті ақпараттық жүйе арқылы береді.

      Көрсетілген деректерді Қаржы орталығы мемлекеттік дерекқорлармен салыстырып, тексереді. Толық салыстырудан кейін ақпараттық жүйе стипендияның мөлшерін автоматты түрде есептейді, кейін студенттерге қаражат аудару үшін екінші деңгейдегі банктерге есеп-қисап жіберілетін болады. Бұл тетікті ЖОО-ға грант алушы студенттер үшін оқу ақысын төлеу кезінде де қолдану жоспарланғанын атап өткен жөн.

      – Грант – бұл студент алатын қаражаттың мақсатты сомасы. Қазір бұл қаражат тікелей ЖОО-ға аударылған кезде, студент мемлекет оған ақша төлейтінін, ол үшін ақылы негізде оқитындар сияқты тоқсан сайын оқу ақысы төленетінін сезбейді. Сондықтан, қазір біз шартты түрде студенттің эскроу-шотына ақша түсуі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, студент бұл қаражатты университеттегі оқу ақысын төлеуден басқа мақсатта пайдалана алмайды. Кредиттердің жинақталуына қарай ол бұл төлемді ЖОО-ға банк арқылы аударатын болады, – деп атап өтті Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

      Осылайша, жаңа жүйе мемлекет жыл сайын стипендияға да, жоғары оқу орындарында оқуға да қаражатты тікелей білім алушыларға атаулы аудару арқылы бөлетін ақша қаражатының ашықтығын қамтамасыз етеді.

      Бұдан бөлек, жүйедегі тағы бір оң өзгеріс – басқа ЖОО-ға ауысқан студенттерге грантты сақтай отырып, стипендияны үздіксіз төлеу мүмкіндігі.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: