Ерен ерлікке тағзым жасалды
-
12 мамыр, 2021
АЛМАТЫ. 12 мамыр. Баспасөз орталығы – «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран». Осындай атаумен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жиын өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күніне арналған басқосуға қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.
Онлайн режімде ұйымдастырылған шараны Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Бибігүл Иманбекова ашып, жүргізіп отырды.
Ол өз сөзінде Жеңіс күні – бейбіт өміріміз, азаттығымыз бен жарқын болашағымыз үшін фашист басқыншыларына қарсы сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларымыздың ерлігі мен даңқының символы екендігін атап өтті.
– Жылдар жылжаған сайын от пен оққа кеудесін тосып, Отан қорғаған ардагерлер де қалмай барады. Бір кездері елімізден қан майданға 1 млн 200 мың сарбаз аттанып, соның 601 мыңнан астамы Отанға оралмай қалғаны жадымызда жаңғырып тұр. Ал бүгінде елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көзі тірі 665 ардагер ғана қалды, – деп атап өтті Бибігүл Иманбекова өз сөзінде.
Сарбаздар майданда Отанды қорғау үшін фашистік армиямен шайқасса, елде қалған халық тыл майданында еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін белсенді түрде қосты. Деректерге сүйенер болсақ, соғыс жылдарында елімізден майданға 30,8 млн тонна астық, 14,4 млн тонна картоп пен көкөніс, 15,8 млн тонна ет, 17,6 мың центнер жүн, 2,5 млн дана жылы киім және басқа да өнімдер жіберілген. Сонымен қатар қазақстандық тыл еңбеккерлері азат етілген аудандарға 500 мыңнан астам мал мен майданға 110 мыңнан астам жылқы жіберген.
Жиын барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Болат Сайлан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан отандастарымыз турасында мол ақпарат берді.
– Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, майданға аттандырылды. Еліміздің территориясында жасақталған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап жаумен ерлікпен шайқасты. Әсіресе Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтар үлкен ерлік жасап, құрметке ие болды. Атап айтқанда, Мәскеу бағытындағы негізгі жолдардың бірі – Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда жабдықталған 316-атқыштар дивизиясы генерал – майор И. Панфиловтың басшылығымен теңдесі жоқ ерлік танытты. Ал панфиловшы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі шайқаста өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Соғысты Момышұлының полковник лауазымымен, 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып жүріп аяқтады. Белгілі орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколамское шоссе» атты атақты повесі Бауыржан Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігіне арналды, – деді өз сөзінде Болат Сайлан.
Басқосу барысында өзге де қатысушылар сөз сөйлеп, адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы халқымыздың жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07
e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: