Білім беру бағдарламалары талқыланды



    • Білім беру бағдарламалары талқыланды

       АЛМАТЫ. 14 сәуір. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде бакалавриат деңгейі бойынша білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен талқыланды.

      Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауда білім беру бағдарламаларының мазмұнының жаңашылдығы мен артықшылықтарын арттыру басты мәселе болып отыр. Осы орайда әр оқу жылына даярлық кезеңінде әрбір кадрды даярлау бағыттарының білім беру бағдарламаларының құрылымы жұмыс тобына кіретін жұмыс берушілермен, сыртқы сарапшылармен және жоғары курс білім алушыларымен кеңесе отырып, жетекші кафедралармен жетілдіріліп отырады.

      Сыртқы сарапшылар ретінде «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-педагогикалық орталығы», аударма бюролары, тіл үйрету орталықтары, Алматы қаласының аудандық әкімдіктері, Алматы қаласындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен Ұлттық кітапхананың және түрлі ғылыми-зерттеу институттарының, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының, туристік компаниялар, психологиялық кеңес беру орталықтары қызметкерлері тартылған.

      Сонымен қатар сарапшылар қатарында Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері, мектепке дейінгі білім беру мен жалпы білім беру ұйымдары, колледж, ЖОО педагогтары және мәдениет саласының өкілдері бар.

      Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және талдау отырысында барлық ұсыныстар жұмыс тобының мүшелерімен сараланып, бекітуге ұсынылды.

      Отырыста жұмыс берушілер мен сарапшылар кадрларды даярлаудағы туындап отырған мәселелер туралы ашық айтып, білім беру бағдарламаларының тиімділігі жайында, қалыптасатын оқыту нәтижелері турасында ойларымен бөлісті.

      Жұмыс берушілер мен сарапшылар өз кезегінде әзірленген білім беру бағдарламаларының сапасын анықтауда зор үлес қосып келеді. Осылайша университет жұмыс берушілермен, сарапшылармен етене жұмыс атқара отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен сапасын жетілдіруді көздейді.

      Тағы бір айта кетерлік жайт, бакалавриат деңгейі бойынша білім беру бағдарламаларында қосымша білім беру бағдарламалары (minor) оқытылады. Бұл бағдарлама студенттерге қосымша кәсіпті меңгеруде орасан зор мүмкіндіктер береді. 

      Сонымен қатар университет мазмұнды келісулер арқасында «Bilim Invest» Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығымен меморандум аясында «университет-бейіндік мектеп-балабақша» кластерін дамыту мақсатында «Педагогика және психология» жоғары мектебінің студенттері «Дана» жекеменшік білім беру мекемесінде практикадан өткізуге қол жеткізді. Мекеме 3 курс студенттерін практикадан өткізіп қана қоймай, олардың сабақтан тыс уақытта осы мекемеде қызмет атқаруларын қамтамасыз етеді.

      Биылғы жылдың наурыз айында Педагогика және психология Жоғары мектебі «Bilim Invest» Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығы» құрамына кіретін «Дана» жекеменшік білім беру ЖШС-нің өкілдерімен кездесу өткізді.

      Кездесу барысында «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Бастауышта білім берудің педагогикасы мен әдістемесі» және «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламалары егжей-тегжейлі талқыланып, жұмыс берушілер болашақ кадрларда қандай негізгі құзыреттіліктерінің болуы керектігіне тоқталып, бағдарламаларда  практикаға негізделген қандай пәндердің болуы керектігі туралы өз ұсыныстарын білдірді.

      Сондай-ақ қосымша білім беру бағдарламаларының (minor) пәндері талқыланып, қосарланған білім беру бағдарламаларын ашудың өзекті мәселелері қарастырылды.

      Университет алдағы уақытта да мектепке дейінгі білім беру мен жалпы орта білім беру аясында «Дана» мектебімен тығыз байланыс орнатып, қазіргі нарықта бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау ісінде бірлесе қызмет атқара бермек.

      Білім беру бағдарламаларын талқылау барысындағы жұмыс берушілердің ұсыныстары ескеріліп,  бағдарламалар толықтырылатын болды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: