Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің отырысы өтті
-
14 сәуір, 2021
АЛМАТЫ. 14 сәуір. Баспасөз орталығы – «Функционалдық сауаттылық: талаптар мен тиімді тәжірибелер». Осындай тақырыпта Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің отырысы өтті.
Кеңестің «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігі – Жобаларды басқару топтарының кезекті мәжілісіне жоғары оқу орындарының басшылары мен оқытушылары, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен түрлі деңгейдегі білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты.
Жиында мектеп жасына дейінгі балалардың, бастауыш сынып оқушыларының, жоғары оқу орындары студенттерінің функциональдық сауаттылығын қалыптастыру және оған болашақ мамандарды даярлау мәселелері көтерілді.
Алғаш болып сөз алған «Астана» халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытудың тарихына шолу жасап, әлемдік тәжірибенің тиімді бағыттарын жан-жақты талдады. Сонымен қатар ол функциональдық сауаттылық негізі мектепке дейінгі кезеңнен басталатынын айтып, болашақ мамандарға қойылатын талаптар туралы сөз қозғады.
Ал Ақпараттық-аналитикалық орталығы президентінің орынбасары Ерлікжан Сабырұлы еліміздің және шетелдің мемлекеттік зерттеуге қатысуының үш себебін атады. Ол өз сөзінде сонымен қатар оқушылардың креативтік ойлауының құзыреттілік моделіне тоқтала келе, оны анықтайтын жағдаяттарды нақты мысалдармен түсіндірді.
Кеңесте Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Еркін Жұманқұлова оқу орнында жас мамандарды даярлауда түрлі тапсырмалармен жұмыс істеуді жандандыру, бастауыш мектеп оқушыларына арналған тапсырмаларды іріктеп алу бойынша жұмыс тобын құру туралы ұсыныс білдірді.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының аға ғылыми қызметкері Жанар Сағалиева «Бастауыш білім беру деңгейінде оқушылардың функциональдық сауаттылығының қазіргі жағдайы және мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада білім сапасына жасалатын мониторингтің 4 негізгі бағыттары мен функциональдық сауаттылығын дамытуға арналған тапсырмалар түрлерінің компоненттерін құрастырудың талаптары аталды. Мониторингтің негізгі бағыттары қатарында оқу сауаттылығы, математика сауаттылығы, жаратылыстану сауаттылығы, АКТ сауаттылығы бар.
Онлайн режімде ұйымдастырылған басқосу барысында «Педагогикалық шеберлік орталығының» аға менеджері, тренер Б. Сайфуллақызы бастауыш сынып оқушыларының жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын және креативті ойлауын қалыптастыру, «Алматыкітап» баспасының қызметкері А. Рысқұлбекова оқулық мазмұнындағы оқу тапсырмалары арқылы функциональдық сауаттылықты қалыптастыру, «Оқулық» республикалық орталығының басшысы Е. Нұрланов оқулық мазмұнына сараптама жасауда әлемдік тәжірибе талаптарын ескеру сынды мәселелерді ортаға салды.
– Жоғары оқу орындарында болашақ мамандарды даярлауда білім беру бағдарламаларына «Оқулықтану», «Экспертиза жасау әдістемесі» пәндерін енгізу мәселесіне назар аударуымыз керек. Бұл өз кезегінде оқулық сапасына тікелей әсер етеді, – деді «Оқулық» республикалық орталығының басшысы Елдос Нұрланов.
Кеңес соңында Қыздар университетінің профессоры Роза Набуова болашақ мамандардың фнкционалдық сауаттылығын қалыптастыру туралы іс-тәжірибесімен бөлісті.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07
e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: