Көрнекті педагогтың мерейтойына арналған жиын өтті



    • Көрнекті педагогтың мерейтойына арналған жиын өтті

       АЛМАТЫ. 30 наурыз. Баспасөз орталығы – Көрнекті педагог, қоғам қайраткері Рафиқа Нұртазинаның 100 жылдығына орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жаңартылған білім беру мазмұнына арналған жиын өтті.

      Мектеп пен педагогикалық университеттің өзара байланысы талқыланған басқосуға жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім беру мекемелерінің мұғалімдері қатысты. Олар өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған жаңашыл мұғалім туралы естеліктерімен де бөлісті.

      – Рафиқа Нұртазина шын мәнінде ұстаздардың ұстазы болды. Рафиқа Бекенқызы өзінің сүйікті ісіне 60 жылға жуық өмірін арнады, оның шәкірттері ондаған мыңнан асады. Бүгінде олар Қазақстанның түпкір-түкпірінде, одан да тысқары жерлерде еңбек етеді, олардың арасында танымал адамдар аз емес. Оның ұстаздық қызметі қалай мақтауға да сияды, дегенмен де оның ең елеулісі – өзі орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі бола отырып, Алматының қақ ортасында бірден-бір №12 қазақ мектебін ашуы болды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында мұндай іс-әрекетке бару ерлікке пара-пар қадам еді, – деді жиын қатысушылары.

      Сонымен қатар басқосуда заманауи мұғалімнің бет-бейнесі мен рөлі турасында пайымды ойлар айтылды. Мектептегі білім беру мазмұнын қазіргі заманғы сай реформалау мәселесі де ортаға салынды.

      – Қазіргі заманғы мектеп үшін құзыретті мамандарды даярлау университет әзірлейтін жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларының басым міндеттерінің бірі болып табылады. Орта білім берудің жаңартылған мазмұнына сәйкес мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды іске асыруға өз үлесі мен түлектердің кәсіби деңгейін арттыра отырып, университет оқушылар тұлғасының қалыптасуы мен дамуының маңызды мәселелерін шешеді, – деп атап өтті жиын қатысушылары.

      Сондай-ақ тақырып аясында Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Алматы қаласындағы білім ошақтарының мұғалімдері мазмұнды баяндамалар жасады.

      Жиында Халықаралық білім беру бойынша Американдық кеңестердің құрметті президенті, профессор Дэн Дэвидсон Рафиқа Нұртазинаның педагогикалық қызметі мен мұрасына жоғары баға берді. Ал ұлағатты ұстаздың қызы, филология ғылымдарының докторы, профессор Элеонора Сүлейменова Қыздар университетіндегі Рафиқа Нұртазина атындағы кабинетке педагогтың жарық көрген жаңа ғылыми еңбектерін тарту етті.

      Айта кетейік, Рафиқа Нұртазина 1921 жылғы 8 наурызда Павлодар облысында дүниеге келген. 1949 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетіне түсіп, оқу орнын 1951 жылы үздік бағамен бітірген.

      1951 – 1971 жылдары аралығында Алматыдағы № 12 қазақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі және директоры болып еңбек етті.

      Рафиқа Бекенқызы 1973 – 1978 жылдары Қазақстан педагогикалық қауымдастығы Республикалық кеңесі президиумының төрайымы болып сайланып, қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиетін оқыту бағдарламасын әзірлеуге қатысты.

      Ол – педагогика ғылымдарының кандидаты. 300-ден аса ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы, оның ішінде 15 кітап пен оқулығы орта мектептерге арналған.

      Р. Нұртазина Қазақстанның халық ағарту жүйесінің озаты, көрнекті ғалым, жаңашыл-педагог, қоғам қайраткері.

      Білікті ұстаз, талантты ғалым «Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалімі», «Социалистік Еңбек Ері», «Алматы қаласының құрметті азаматы» атақтарының иегері. Сонымен қатар «Ленин» орденімен, «Орақ пен балға» Алтын медалімен, екі рет «Құрмет Белгісі» орденімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының, оқу-ағарту Министрлігі мен КСРО ПҒА-ның «Құрмет грамоталарымен», Қазақ КСР Білім Министрлігінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: