Университет ректоры Наурыз мейрамымен құттықтады



    • Университет ректоры Наурыз мейрамымен құттықтады

      АЛМАТЫ. 19 наурыз. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры міндетін атқарушы Нұрғали Аршабеков оқу орнының ұжымы мен студенттерін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.

      Қымбатты достар!

      Құрметті әріптестер!

      Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

      Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесіне айналды. Бұл мейрам – тамыры терең, тағылымы мол өнегелі өркениетіміздің өлшемі. Халқымыз ұлық мерекені қашанда биік көңілмен, кең пейілмен ерекше қарсы алады.

      Ұлт тарихының тұңғиығына үңілер болсақ, қадым замандарда-ақ көктемнің алғашқы күнінде ағайындар бір-бірімен қауышып, көңілдегі кірбің мен ренішті кешіріп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бір-біріне қолұшын созып, тағам үлестіру үрдісі қалыптасқанын бағамдаймыз. Зерделей білсек, Наурыз – күн мен түннің теңеліп, тіршілік атаулының жанданатын кезімен тұспалдасып жатқан уақыт қана емес, ұлысымыздың ұйытқысына, халықтардың береке-бірлігіне негіз болған кезең екенін аңғаруға болады.

      Біз бүгін егемендіктің екінші мүшеліне аяқ бастық. Бұл айшықты кезең Қазақ елінің өзіндік дара жол таңдап, берік берекенің белесіне беттегенін дәлелдеп берді. Отанымыздың гүлденуіне жол ашты. Халқымыздың атын әлемге әйгілеп, мәртебесін өсірді.

      Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз баршаңыздың отбасыңызға шаттық пен несібе әкелсін! Дендеріңізге саулық, істеріңізге толағай табыс тілеймін!

      Ізгі ниетпен Нұрғали Аршабеков,

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры міндетін атқарушы

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: