«Қазақ халқына қарыздармын!»
-
12 наурыз, 2021
АЛМАТЫ. 12 наурыз. Баспасөз орталығы – «Кешегі аумалы-төкпелі қиын заманда қолдан жасалған қатігездіктің кесірінен қынадай қырылған адамдардың арасынан аман қалғанымыз үшін әуелі Жаратушыға, одан кейін көңілі дархан қазақ халқына мәңгі қарыздармын!»
Бұл туралы қоғам қайраткері Асылы Осман Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен жиында айтты.
Филология институты мұрындық болған іс-шара Алғыс айту күні аясында ұйымдастырылды.
«Мәңгілік ел – арманымның мекені» тақырыбындағы басқосуға оқу орнының ұжымы мен білім алушылары қатысты. Келелі жиында Отан, руханият, тіл мен діл сынды жайлар негізгі әңгіме арқауы болды. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаты жайында да егжей-тегжейлі баяндалды.
– Бiз қазiр «қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмiр сүрiп жатырмыз. Ертеңімізді баянды ету үшiн отыз жыл бойы Елбасы жүргізген жүйелi саясат пен Мемлекет басшысының бүгінгі бағытына әрдайым қолдау көрсетуіміз қажет. Біз бір мақсат, бір мүдденің төңірегіне топтаса білуіміз керек. Осындайда ойға қазағымның қабырғалы қаламгері Шерағаңның «Президент біреу, қалғанымыз оған тіреу болайық» деген сөзі ойға оралады, – деді Асылы Осман.
Кездесу барысында Филология институтының студенттері Дидар Мәдениет, Аяла Нұржаубекова кеш қонағына арнауларын арнап, ізгі ниетін білдірді.
Басқосуды институт директоры Тыныштық Ермекова қорытындылап, қарашаңырақ Қыздар университетінің ұжымы мен білім алушылары атынан қайраткерге алғыс айтты.
– Асылы Осман өзі өскен-өнген елдің тілін, ділін, салты мен дәстүрін насихаттаудан танбай келеді. Тіл саясатының мәні мен маңызын көпшілікке ұғындырып жүрген мемлекетшіл тұлға. Ол қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі мен мәртебесін көтеру, оны қоғамның барлық саласында белсенді түрде қолдану мәселесін көтеріп келеді. Сол үшін де ол кісіге деген ризашылығымыз шексіз, – деп атап өтті Тыныштық Ермекова.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07
e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: